Премьер-лига. «Астана» мен «Ертістің» ұпайы түгел

Премьер-лига. «Астана» мен «Ертістің» ұпайы түгел
Фото: vk.com

Футболдан ел премьер -лигасының ІІ турындағы бес ойын мәресіне жетті. «Атырау» мен «Тобыл» арасындағы кездесу ауа райына байланысты кейінге шегерілді.

ІІ турдың үш ойыны кеше өткен болатын. «Астана Аренада» «Оқжетпес» пен «Қайрат» 1:1 есебімен тең ойнап, маусымдағы алғашқы ұпайларын иеленген-ді. Дәл осындай есеп «Тараз» бен «Ақтөбе» арасындағы ойында да тіркелген еді.

Екі турдың қорытындысы бойынша ұпайдан шашау шығармаған екі клуб қана бар. Оның бірі – «Ертіс» болса, екіншісі – «Астана». Павлодарлық клуб ІІ турда Оралдың «Ақжайық» клубын 3:0 есебімен ойсырата ұтса, «Астана» Шымкентте жергілікті «Ордабасыны» 3:1 есебімен жеңді. Ал Теміртауда өткен «Шахтер» мен «Жетісу» арасындағы ойында 0:0 есебі тіркелді.

ІІ турдың нәтижесі бойынша «Ертіс» бірінші орында келеді. Павлодарлық клуб өз қақпасына әлі гол өткізген жоқ. «Астана» да 6 ұпаймен екінші орында болса, үштікке 4 ұпаймен «Тараз» еніп отыр. Ал премьер-лигаға жаңа қосылған «Ақжайық» әлі бірде-бір ұпай иеленген жоқ. 

Ө. Сансызбай