Чемпиондар лигасы. Месси Чех қақпасына қос гол соқты (видео)

Чемпиондар лигасы. Месси Чех қақпасына қос гол соқты (видео)
Фото: vk.com

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі кезекті ойындар мәресіне жетті. Туринде жергілікті «Ювентус» мюнхендік «Бавариямен» тең ойнаса, каталондық «Барселона» Лондонда «Арсеналды» жеңді. Назарларыңызға ойындар нәтижесін ұсынамыз.

«Арсенал» (Англия) – «Барселона» (Испания) 0-2

«Эмирейтс» стадионындағы екі голды да Лионель Месси соқты. Осыған дейінгі 8 ойында Петр Чех қақпасына гол соқпаған аргентиналық сұрмерген осы жолы айласын асырды. Бірінші таймда Арсен Венгер шәкірттері сәтті өнер көрсеткенмен, екінші таймда жүрістерінен жаңылды. Нәтижесінде 71 минутта Неймардың асырған пасын Месси голға айналдырды. 83 минутта Матье Фламини айып алаңында Мессиге қарсы ереже бұзып, бас төреші Джюнейт Чакыр пенальти белгіледі. 11 метрлік айып соққысын Месси ойдағыдай орындап шықты.

«Арсеналды» сырт алаңда жеңген «Барселонаның» ширек финалға шығу мүмкіндігі жоғары. Ал «канонирлер» болса бесінші жыл қатарынан ширек финалға шыға алмай келеді. Өткен маусымда Арсен Венгер командасы «Монакоға» есе жіберген болатын.

Қос клуб арасындағы қарымта ойын 17 наурыз күні өтеді.

«Ювентус» (Италия) – «Бавария» (Германия) 2-2

Туриндегі ойын тартысты өтті. Бірінші тайм аяқталар тұста Томас Мюллер «Баварияны» алға шығарды. 55 минутта Арьен Роббен мюнхендік клубқа екі доп басымдығын сыйлап, арқаны кеңге сала бастады. Қонақтардың қателігін ұтымды пайдалануға тырысқан алаң иелері есепті қысқартудың жолын қарастырды. 63 минутта Марио Манджукичтің тамаша пасын сәтті пайдаланған Пауло Дибала Чемпиондар лигасындағы алғашқы голын соқты. 69 минутта ойынға кірген Стефано Стураро араға 6 минута сала таразы басын теңестірді. Нәтижесінде италиялық ұжым өз алаңында жеңіліс тауып, жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ.

Қос клуб арасындағы қарымта ойын 17 наурыз күні өтеді.

Бүгін түнде киевтік «Динамо» мен «Манчестер Сити», эйндховендік «ПСВ» мен мадридтік «Атлетико» 1/8 финалдағы алғашқы ойындарын өткізеді.

Ө. Сансызбай