Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында Хорватияны жеңді

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Хорватия құрамасын 4:2 есебімен жеңді.

Шақпақ жейделі құрамаға қарсы ойын Какау шәкірттері үшін аса маңызды еді. Себебі топтағы бірінші ойында отандастарымыз Ресей құрамасына есе жіберіп алған-ды.

Қазақстан құрамасы бірінші таймда қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп шықты. Ойында бірінші болып Дуглас есеп ашса, араға көп уақыт салмай Хорватия құрамасы Дінмұхамбет Сүлейменовтің қателігін сәтті пайдаланып, таразы басын теңестіріп кетті. Алайда хорваттардың қуанышы көпке созылған жоқ. 15 секундтан кейін Дінмұхамбет Сүлейменов өз қателігінің орнын толтырып, Қазақстан құрамасын есепте қайта алға шығарды. Бірінші тайм аяқталуға 3 минут қалғанда Серік Жаманқұлов есепті 3:1 нәтижесіне жеткізді.

Екінші таймда командалар бір-бір доптан алмасты. 27 минутта Серік Жаманқұлов екінші голын соқса, араға 5 минут сала Сотон есепті қысқартты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 4:2 есебімен Еуропа чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

«С» тобындағы Хорватия мен Ресей арасындағы ойын 7 ақпан күні өтеді. Топтан екі құрама плей-офф кезеңіне шығады.