ҚызПУ-дағы спартакиада өз мәресіне жетті

О Сансызбай Корреспондент
ҚызПУ-дағы спартакиада өз мәресіне жетті
Фото ©️ ҚызПУ баспасөз қызметі

14 қаңтар күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқу ордасының ғылыми-педагогикалық құрамы және қызметкерлері арасында 67-ші рет ұйымдастырылған дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасы өз мәресіне жетті.

БӨЛІСУ

Үш күнге созылған «Денсаулық» спартакиадасының жабылуы салтанатында сөз алған Бірінші проректор Б. Алиев: «Міне, осымен 67-ші рет өткізіліп отырған «Денсаулық» спартакиадасы да аяқталды. Денсаулық пен спорт егіз ұғым десек те болады, қашанда қатар жүреді. Кез келген мемлекеттің көрсеткіші екі нәрседен анық көрінеді: бірі – экономикасы болса, енді бірі – спорттағы жетістігі. Бүгін біздің университеттің қызметкерлері жеңіске жетті, арасында өзіндік үздіктер бар. Дегенмен, «ең бастысы жеңіс емес, қатысу» деген қағиданы ескерсек, баршаңызға шексіз алғысымызды білдіреміз», – деді.

Адамзат баласының денсаулығы – ұлт байлығы. Денсаулықты күтімге алуды, салауатты өмір салтын дағдыға айналдыруды, спортпен үнемі шұғылдануды адам әуелі өзінен бастау керек. Осы негізге сүйеніп, Қыздар университетінде «Денсаулық» спартакиадасындағы  жарыс «эстафета», «арқан тарту», «дартс», «үстел теннисі» (әйелдер/еркектер), «волейбол», «шахмат»  (әйелдер/еркектер жарысы) сынды спорттың алты түрінен өтті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, сайыс болған соң жеңімпаз шығуы заңды құбылыс. Оқу ордасындағы алты факультет, әкімшілік бөлімі, кітапхана мен өндірістік және экономикалық бөлімдерінен құралған сайдың тасындай іріктеліп шыққан 9 команда шебер ойын көрсетті. Жүлделі III орынға Педагогика және психология факультеті табан тіресе, II орынды Физика және математика факультеті иеленді. Ал, барлық ойын түрінен үнемі оқ бойы озық тұрған Жаратылыстану факультеті I орынды қанжығасына байлап, ректор кубогын жеңіп алды. 

Сондай-ақ, «белсенді ұйымдастырушы», «белсенді декан», «жеңіске деген жігері үшін» және әр командадан «ең үздік спортшы» анықталып, қосымша жүлделер тағайындалып, мықты ойыншылар марапатталды. Жалпы саны 260 қызметкерлер мен ұстаздардан құралған спартакиадада жеңіс үшін жанын салып, бақ сынасты. «Біреудің бағы шапты, біреудің бабы шапты».

Кезекті 67-ші рет өткізіліп жатқан дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасының мақсаты – дене тәрбиесінен өтетін күнделікті жаттығуларға қызметкерлерді тарту, оларды салауатты өмір салтына ынталандыру, спорт пен бұқаралық іс-шараларды ұжымда насихаттау болып табылады. Қашанда «спорт – денсаулық кепілі».

ҚызПУ баспасөз қызметі