«Арсенал» ағылшын премьер-лигасында көш бастады (видео)

«Арсенал» ағылшын премьер-лигасында көш бастады (видео)
Фото: vk.com

Лондонның «Арсенал» футбол клубы Англия премьер-лигасының ХІХ тур ойындарынан кейін көш басына шықты. Алайда бірінші орыннан бір саты төмен сырғыған «Лестердің» еншісінде әлі бір артық ойыны бар.

Арсен Венгер жаттықтыратын «Арсенал» ХІХ турда «Борнмут» клубын ұтты. «Эмирейтс» стадионында өткен ойында канонирлер сапынан Паулиста мен Месут Озил гол соқты. Қонақтар бірнеше рет қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанмен, Петр Чех қорғаған қақпаға гол соға алған жоқ. Ал чех қақпашысы ағылшын премьер-лигасындағы 170-ші гол соққызбаған ойынын өткізіп, рекорд орнатты.

ХІХ турдың басты кездесуінде «Манчестер Юнайтед» пен «Челси» кездесті. Қос клуб та қауіпті сәттерді көптеп ұйымдастырғанмен, голдың соғылуына бірде қақпашы, бірде қақпа бағаны кедергі болды. Нәтижесінде «Стэмфорд Бридждегі» ойында есеп ашылған жоқ. Луи ван Гал жаттықтыратын «қызыл сойқандар» қатарынан сегізінші ойында жеңіске жете алмай келеді. Тіпті осы ойыннан кейін нидерландылық маман қызметінен кетуі де мүмкін.

ХІХ турдағы тартысты ойындардың бірі «Эвертон» мен «Сток Сити» арасында өтті. «Гудисон Парк» иелері соңғы минуттарға дейін ұпайға талас жүргізгенмен, жеңіс түгіл тең есепті сақтап қала алмады. Есесіне «Эвертон» шабуылшысы Ромелу Лукаку тоғызыншы ойын қатарынан гол соғып, Джейми Вардидің (11 ойын) рекордын жаңартуға жақындап келеді.

Осыған дейін ағылшын премьер-лигасында көш бастап келе жатқан «Лестердің» әзірге «Арсеналдан» артық бір ойыны бар. Олар ХІХ турда «Манчестер Ситимен» кездеседі. Бұл ойын 30 желтоқсанға жоспарланған. Сондай-ақ, 31 желтоқсанда «Ливерпуль» мен «Сандерленд» ойыны өтеді.

ХІХ тур ойындарының нәтижелері:

«Вест Бромвич» - «Ньюкасл Юнайтед» 2-0

«Кристалл Пэлас» - «Суонси» 0-0

«Норвич» - «Астон Вилла» 2-0

«Уотфорд» - «Тоттенхэм» 1-2

«Эвертон» - «Сток Сити» 3-4

«Арсенал» - «Борнмут» 2-0

«Вест Хэм» - «Саутгемптон» 2-1

«Манчестер Юнайтед» - «Челси» 0-0

Ө. Сансызбай