«Қайрат» жаңа жаттықтырушысын ресми түрде таныстырды

«Қайрат» жаңа жаттықтырушысын ресми түрде таныстырды
Фото: fckairat.kz

Алматының «Қайрат» футбол клубы жаңа жаттықтырушысы Александр Бородюкпен үшжылдық келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

53 жастағы маманмен еңбек келісімшарты 3 жылға жоспарланған. Осыған дейін ресейлік басылымдар Александр Бородюк «Қайратты» бір маусым ғана жаттықтырады деп хабарлаған болатын.

Александр Бородюк футболдағы мансабын Воронеж қаласының «Факел» командасында бастаған. Одан кейін КСРО чемпионатында мәскеулік «Динамо» сапында 10 жыл доп теуіп, Германияға жол тартады. «Шальке-04» құрамында 120 матч ойнап, 41 гол соққан. Сонымен қатар, Александр Бородюк немістің «Фрайбург» пен «Ганновер 96» командаларында және ресейлік «Локомотив», «Торпедо» мен «Крылья Советовте» ойнаған. Ал, футболдан КСРО құрамында Олимпиада чемпионы атанған.

Ресейлік маман жаттықтырушылық қызметін 2001 жылы «Крылья Советов» клубын жаттықтырудан бастаған. Араға бір жыл сала Ресей ұлттық құрамасының бапкерлер қосынында қызмет атқарған. Кейіннен Ресей жастар құрамасын жаттықтырды. Ресей құрамасында Гус Хиддинк пен Дик Адвокат жаттықтырған тұста аға жаттықтырушы болған.

2013 жылы Александр Бородюк Мәскеудің «Торпедо» клубының тізгінін ұстап, премьер-лигаға алып шыққан.

Айта кетейік, өткен маусымдағы ел чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алған «Қайрат» бас жаттықтырушылары Владимир Вайсспен келісімшарт мерзімін ұзартпаған болатын.

Ө. Сансызбай