Қазақстан құрамасы Рио Олимпиадасына толық құрамда қатысады

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына 10 жолдама жеңіп алды. Нәтижесінде отандастарымыз толық құрамда жүлдеге таласатын болады.

ҚР ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Бразилиядағы додаға ерлерден – 6, әйелдерден 4 спортшымыз қатысатын болады.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтынмен толықты. Бұл жолы 105 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Александр Зайчиков үздік атанған-ды.  Сонымен қатар ел еншісінде екі күміс, бір қола бар.

Бұрын 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Лондондағы Олимпиада чемпионы Светлана Подобедова Хьюстондағы әлем біріншілігінде төртінші орынға ие болды.

29 қарашада сағат 00:00-де «В» тобында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Александра Аборнева өнер көрсетеді. Осы салмақ дәрежесінде «А» тобында таңғы сағат 05:30-да Надежда Ногай бақ сынайды.