Босқын спортшылар Рио Олимпиадасына қатыса алады

Босқын спортшылар Рио Олимпиадасына қатыса алады
Фото: 365info.kz

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) босқындар арасындағы кәсіби спортшыларды 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға шақырды. Бұл туралы ХОК президенті Томас Бах хабарлады.

Томас Бах дүйсенбі күні БҰҰ-ның Бас ассамблеясында сөз сөйлеп, босқындарға қолдау білдіру мақсатында жаңа жобаларды қолға алып жатқандықтарын хабарлады. Соның бірі – босқын спортшылардың Олимпиада ойындарына қатыса алуы. Осыған дейін босқын спортшылар ірі жарыстарға қатыстырылмай келген болатын. Себебі олардың намысын қорғайтын елі мен Олимпиада комитеттері болған жоқ. Ал алдағы Олимпиадада босқын спортшылар Олимпиада Әнұраны мен Туының астында өнер көрсететін болады.

- ХОК босқындар арасындағы кәсіпқой спортшыларды Олимпиада ойындарына қатысуға шақырады. Бұл аз да болса жаһандық мәселені шешуге қосқан үлесіміз болмақ. Босқындарға 11 мың спортшымен бірге олимпиадалық ауылдардан орын беріледі. Осылайша біз барлық босқындарға үміт сыйлауға көмегімізді тигіземіз деп ойлаймын. Босқын спортшыларға мансабын жоғары деңгейде жалғастыруына барынша жағдай жасаймыз, - деді Томас Бах.

Айта кетейік, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы 2016 жылдың 5-21 тамыз аралығында өтеді. 

Ө. Сансызбай