«KazSport» телеарнасы комментаторларға кастинг жариялады

«KazSport» телеарнасы комментаторларға кастинг жариялады
Фото: massaget.kz

Еліміздегі бірден-бір спорттық сайыстардан хабар тарататын «KazSport» телеарнасы комментаторларға кастинг жариялады. Бұл туралы ресми сайтында хабарлап отыр.

Кастингке спорттан жан-жақты хабары бар, сөзге ұста тілшілер мен өзге де ниет білдірушілер қатыса алады. Кастинг 27 қазан күні Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығында» өткізіледі. Түйіндемелерді 25 қазанға дейін kazsporttv.kz@mail.ru адресіне жіберу қажет.

Бұл - 2015 жылы өткізіліп отырған үшінші байқау. Алғашқы екі конкурстың нәтижесінде таңдалып алынған үш комментатор қазіргі уақытта «KAZsport» телеарнасында жемісті қызмет атқаруда.

Кастингтің нәтижесінде спорттық арнада алғаш рет мәнерлеп сырғанау және көркем гимнастика көрсетілімдерінде қазақша әйел дауысының пайда болғанын ерекше атап өту керек. Лилиана Әлжанова мәнерлеп сырғанаудан Шанхайда, көркем гимнастикадан Штутгарт қаласында өткен әлем чемпионаттарындағы жұмысы үшін көрермендерден жоғары баға алды. Сондай-ақ, Лилиана 23 қазан күні тұсауын кесетін мәнерлеп сырғанаудан «Гран-при» сериясының көрсетілімдерінде де жұмыс істейді.

«KAZsport» телеарнасы бағын сынаймын деген үміткерлерге, кастингке асқан жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Еліміздегі спорт журналистикасының осы бір жауапты саласында бағын сынап, танымал комментатор атануға үмітті жандардың барлығын кастинге шақырады.

Ө. Сансызбай