Чемпиондар лигасы. Ағылшындық клубтардың асығы алшысынан түсер емес

Чемпиондар лигасы. Ағылшындық клубтардың асығы алшысынан түсер емес
Фото: vk.com, sports.ru

Футболдан Чемпиндар лигасының топтық кезеңіндегі ойындар басталды. Бірінші күнгі кездесулер қорытындысы бойынша лондондық «Челси» мен «Арсеналдың» жолы болған жоқ. Жозе Моуринью өз елінде «Портудан» жеңіліп қайтса, Арсен Венгер шәкірттері екінші рет қатарынан ұпай жоғалтып, жағдайларын қиындатып алды. Осы және өзге де қызықты ақпараттармен таныс бола отырыңыздар.

«Е» тобы. «БАТЭ» айды аспанға шығарды

Беларусь елінің «БАТЭ» клубы бұл маусымда аса жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. 2013 жылғы Чемпиондар лигасының бірінші ойынында қарағандылық «Шахтердан» ұтылып, жарысты аяқтаған клубтың бүгінде ойыны әлдеқайда түзелген. Биыл топтық кезеңдегі бірінші ойынын сәтсіз бастағанмен, екінші ойында римдік «Ромадан» 3 ұпай иеленді. Мұндай нәтижені беларусь ұжымынан көп жанкүйерлер күтпеген болатын.

«Барселона» Иньестасыз да қалуы мүмкін

Каталондық клубтың тағы бір ойыншысы жарақат алды. Андрес Иньеста аяғын жарақаттап, 60 минутта ойынды аяқтады. Әзірге футболшының жарақаты туралы клуб ресми мәлімдеме жасаған жоқ. «Лас-Пальмасқа» қарсы ойында Месси жарақат алып қалған болатын. Бұл қатарға Иньеста қосылар болса, команданың жағдайы қиындайтыны анық.

«Байерге» қарсы ойын «Камп Ноу» иелері үшін оңайға соққан жоқ. Бірінші таймда соққан Пападопулостың голына 80 минутта Серхио Роберто жауап қатса, араға 2 минут сала Суарес алаң иелеріне 3 ұпай сыйлаған голды соқты.

«F» тобы. Левандовский хет-трик авторы атанды

Мюнхендік «Бавария» өз алаңында загребтік «Динамоны» ойсырата жеңді. Роберт Левандовский хет-трик авторы атанса, Дуглас Коста мен Марио Гетце бір-бір голдан еншілеріне жазды. Мануэль Нойер топтағы екі ойында да қақпасына гол соқтырған жоқ. Ал Хосеп Гвардиола топтық кезеңдегі ойынның бірінші таймында 4 доп басымдығымен 4 рет жеңіп шыққан жаттықтырушы ретінде рекорд орнатты.

«Арсенал» топтағы жағдайын қиындатып алды

Ағылшындық клубтар соңғы жылдары еурокубок ойындарында сәтті өнер көрсете алмай келеді. Чемпиондар лигасының соңғы алты ойынының бесеуінде ағылшындық клубтар жеңіліс тапқан.

Лондондық «Арсенал» топтық кезеңді сәтсіз бастады. Бірінші турда загребтік «Динамодан» ұтылса, бүгін Пирейдің «Олимпиакос» ұжымына есе жіберді. Лондонда өткен кездесу 3:2 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Келесі екі ойынын мюнхендік «Баварияға» қарсы өтізетін «Арсеналдың» жағдайы аса қиын деп айтуға келмегенмен, топтан шығу үшін енді барынша тер төгу керек. Сондай-ақ Арсен Венгер шәкірттері соңғы жылдары «Бавариямен» бір топта жиі түсіп қалуда.

«G» тобы. Жозенің жолы болар емес

Лондондық «Челсиді» жаттықтыратын Жозе Моуринью үшін бұл маусым сәтті басталған жоқ. Ішкі біріншілікте тур сайын ұпай жоғалтып келе жатса,бұл сәтсіздігін Чемпиондар лигасында да қайталап отыр. Түнде өткен ойында «ақсүйектер» «Порту» клубына есе жіберді. Бірінші болып алаң иелері сапынан Андре есеп ашса, тайм аяқталар тұста айып добынан Виллиан таразы басын теңестірді. Ал екінші тайм басындағы Майконның соққан голына қонақтар жауап гол соға алған жоқ.

«Маккаби Тель-Авив» әлі гол соққан жоқ

«G» тобында «Порту» мен киевтік «Динамо» қадамдарын сәтті жасап келеді. Қос ұжымда да 4 ұпайдан бар. Украиналық клуб екінші турда Израильдың «Маккаби Тель-Авив» командасын ұтты. Алаң иелері топтық кезеңдегі екі ойында да гол соқпаған жалғыз команда. 

«Н» тобы. «Зениттің» ұпайы түгел

Екі турда да жеңіске жеткен клубтың бірі мюнхендік «Бавария» болса, екіншісі – питерлік «Зенит». Ресейлік ұжым екінші турда Бельгияның «Гент» клубын 2:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде 6 ұпаймен топта көш бастады.

«Валенсия» «Лионды» да жеңді

Испанияның «Валенсия» клубы плей-оффта Францияның «Монакосын» екі ойын қорытындысы бойынша ұтып, топтық кезеңге өтті. Топта тағы француз ұжымы испандықтарға қарсылас атанды. Екінші турда жолы түйіскен ойында испандық клуб «Лионнан» да басым түсті. Қонақтарға жеңіс сыйлаған голды Фигули соқты.

Бүгін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ойындар жалғасады. «С» тобында бақ сынап жатқан елордалық «Астана» Стамбулдың «Галатасарай» клубымен 3 ұпайды сарапқа салады. Кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Бүгін өтетін өзге де ойындар кестесі:

«А» тобы

«Мальме» (Швеция) - «Реал Мадрид» (Испания)

«Шахтер Донецк» (Украина) - «ПСЖ» (Франция)

«В» тобы

«Манчестер Юнайтед» (Англия) - «Вольфсбург» (Германия)
«ЦСКА» (Ресей) - «ПСВ» (Нидерланд)

«С» тобы

«Астана» (Қазақстан) - «Галатасарай» (Түркия)

«Атлетико» (Испания) - «Бенфика» (Португалия)

«D» тобы

«Ювентус» (Италия) - «Севилья» (Испания)

«Боруссия М» (Германия) - «Манчестер Сити» (Англия)

Ө. Сансызбай