«Астана» ХХVII турда да ұпай жоғалтты

«Астана» ХХVII турда да ұпай жоғалтты
Фото: vk.com

Футболдан ел премьер-лигасының ХХVІІ тур ойындары басталды. Елордалық «Астана» Павлодарда «Ертіске» есе жіберіп, ұпай жоғалтты.

Станимир Стойлов шәкірттері екінші тур қатарынан жеңіліс тауып отыр. ХХVI турда Алматының «Қайратына» ұтылса, бүгін сырт алаңда «Ертіске» есе жіберді. Бірінші болып алаң иелері қонақтарды қысымға алып, есеп ашты. Алассане Н’Диайе «Ертісті» алға шығарды. 32 минутта Карлос Фонсека алаң иелерінің екінші голын соқты. Негізгі құрамда ойнаған «Астана» екінші тайм басында есепті қысқартқанмен, ойында жеңіске жете алмады.

Бірінші алтылықтағы екінші ойында Шымкенттің «Ордабасы» клубы түзде «Атырауды» ұтты. Алаң иелері бірінші болып есепте алға озғанмен, Александр Симчевич пен Эдин Юнузовичтің екі голы қонақтарға үш ұпай сыйлады.

27 қыркүйек күні турдың қалған төрт ойыны өтеді. Орталық кездесуде «Қайрат» пен «Ақтөбе» өзара 3 ұпайды сарапқа салатын болады. Сондай-ақ екінші алтылықта «Тараз» - «Шахтер», «Қайсар» - «Жетісу», «Оқжетпес» - «Тобыл» командалары кездеседі. 

Ө. Сансызбай