Елбасы «Астана» клубын тарихи жеңісімен құттықтады

Елбасы «Астана» клубын тарихи жеңісімен құттықтады
Фото: 24.kz

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан «Астана» клубын тарихи жеңісімен құттықтады. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлап отыр.

Мемлекет басшысы елордалық команданы құттықтай отырып, осынау шын мәніндегі тарихи жетістік жанкешті ойынның, ынтымақтың, шебер бапкерлік жұмыс пен жанкүйерлердің қызу қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.

Команданың табысы бүкіл Қазақстан халқын тұтастыра түсті. Бұл оқиға спортты елімізде одан әрі танымал ете түсу үшін тың серпін беретініне сенімдімін. «Астананы» енді футболдағы әлемдік алып командалармен бәсекелер күтіп тұр. Бұл біздің жанкүйерлерімізге жаңа сапалық деңгейдегі ойындарды көзбен көруге мүмкіндік береді, – делінген жеделхатта.

Құттықтау соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың атынан командаға жарқын жеңістер тіледі.

Ө. Сансызбай