УЕФА «Астана» ойыншысын қатаң жазалады

УЕФА «Астана» ойыншысын қатаң жазалады
Фото: vk.com

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) тәртіптік комитеті елордалық «Астана» клубының ойыншысы Патрик Твумасиді қатаң жазалады. Шабуылшы еурокубоктың 6 ойынына қатыса алмайды.

Елордалық клубтың 21 жастағы легионері Финляндияның «ХИК» клубына қарсы ойында алаңнан қуылған болатын. Кездесудің 75 минутында қонақ команда ойыншысына қарсы дөрекілік танытып, шалып жыққан еді. Футболшының тәртібін қайта қараған УЕФА тәртіптік комитеті шабуылшының 6 ойынға қатыспауына шешім шығарды.

Патрик Твумаси Кипрдің «АПОЭЛ» клубына қарсы бірінші ойынына қатыспаған еді. Енді қарымта ойын мен топтық кезеңдегі 4 кездесуге қатыса алмайды.

Айта кетейік, «Астана» мен «АПОЭЛ» арасындағы бірінші ойында қазақстандық клуб 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Қарымта 26 тамыздан 27 тамызға қараған түні Никосияда өтеді.  

Ө. Сансызбай