Мәскеуге Мамаев қана барады

Мәскеуге Мамаев қана барады
Фото: sports.kz

14-16 тамыз аралығында Мәскеуде таеквондодан Олимпиада мен әлем чемпионатынан кейінгі ең беделді жарыстың бірі Гран-при сериясының алғашқы кезеңі өтеді. Бұл жарысқа еліміздің атынан Нұрсұлтан Мамаев қана қатысатын болды.

Бүкіләлемдік таеквондо федерациясы (WTF) жариялаған тізімде жалғыз ғана қазақстандық спортшы бар болып шықты. Ол - 2014 жылдың үздік қазақ таеквондошысы, соңғы жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысына айнала білген Нұрсұлтан Мамаев. Бұл туралы Қазақстан таеквондо федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын үш Гран-при сериясы, сондай-ақ осы байрақты доданың финалы өткізіледі. Бұл беделді жарысқа маңызды рейтингілік ұпай санын жинап, әлемдік тізімдегі үздік 32 саңлақ қатарына кірген ең тәжірибелі спортшылар ғана қатыса алады. Нұрсұлтан Мамаев бұл тізімде 58 келі салмақ дәрежесіне дейін 23-орында тұр. Қандасымыз Рио-2016 ойындарына қатысуға бірден-бір үміткер. Олимпиада жолдамасы кез келген федерация мен кәсіпқой спортшының басты мақсаты екені айдан анық.

Нұрсұлтан Мамаев Мәскеу қаласына Пекин Олимпиадасының жүлдегері, Қазақстан таеквондо федерациясының спорт директоры Арман Чилмановтың жетекшілігінде аттанды.  

Ө. Сансызбай