«Барыс» жаңа айдынындағы ойынын жеңіспен бастады

«Барыс» жаңа айдынындағы ойынын жеңіспен бастады
Фото: vesti.kz

Хоккейден Астананың «Барыс» клубы жаңа мұз айдынындағы бірінші ойынын жеңіспен бастады. Қазақстандық ұжым «Президент кубогы» турнирі аясында Новокузнецктің «Металлург» клубын жеңді.

Бірінші болып қонақтар есеп ашты. Тоғызыншы минутта есепті «Металлург» шабуылшысы Роман Бердников ашты, бірақ үзіліске дейін «Барыс» ойыншысы Дастин Бойд таразы басын теңестіре білді. Екінші кезеңде де қос ұжым бір-бір шайбадан алмасты. Кейд Фэйрчайлдтың голына «Барыстан» Брэндон Боченский жауап қайырды. Кездесу жеңімпазы үшінші кезеңде анықталды. «Барыс» клубының ойыншылары Найджел Доус пен Талғат Жайлауов бір-бір шайбадан еншілеріне жазды. Осылайша, елордалық клуб жаңа аренадағы бірінші ойынын жеңіспен бастады.

Қазақстандық клубтың ойынын кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген боксшы Геннадий Головкин де алаңнан тамашалады.

«Президент кубогы» турнирінде «Барыстан» өзге Владивостоктың «Адмирал» командасы Ханты-Мансийсктің «Югра» клубын 2:1 есебімен жеңді. Келесі ойындар ертең өтеді. Астана уақытымен 14.00-де мұз айдынға «Метталлург» пен «Адмирал», ал 19.00-де «Барыс» - «Югра» командалары шығады.

Ө. Сансызбай