Йоан Андоне Қазақстаннан қайта жұмыс тапты

Йоан Андоне Қазақстаннан қайта жұмыс тапты
Фото: uefa.com

Футболдан румын маманы Йоан Андоне «Ақтөбе» клубының бас бапкері болып тағайындалды. Ол осыған дейін елордалық «Астана» клубын жаттықтырып кеткен болатын.

Еуропа лигасының алғашқы айналымындағы сүреңсіз ойынынан кейін «Ақтөбе» клубының бас бапкері Владимир Газзаев қызметінен кеткен еді. Бүгін клуб басшылығы Йоан Андонені жаңа қызметімен ресми түрде таныстырды.

55 жастағы румындық маман осы уақытқа дейін Кипрдің «Омония», Сауд Аравиясының «Аль-Иттифак», Катардың «Аль-Ахли» және болгарлық «ЦСКА» футбол ұжымдарының тізгінін ұстаған. Соңғы рет Йоан Андоне Кипрдің «Аполлон» клубында бас бапкер болып, ішкі біріншілігінде үшінші орын алды. Ал оған дейінгі бапкерлік мансабында 2004, 2008 жылдары румын чемпионатының алтын алқасын тақса, 2003, 2004, 2005, 2008 жылдары аталған елдің кубогын иеленген.

Йоан Андоне өз қызметіне бүгіннен бастап кіріседі. «Ақтөбе» футбол ұжымы бапкермен осы жылдың соңына дейін келісімшартқа қол қойып отыр. Егер команда бапкермен жоғары жетістікке жетіп жатса, ұжым келісімшартты ұзартатынын жеткізді. Сонымен қатар румындық маман командамен ел премьер-лигасының алтын алқасына таласатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда «Ақтөбе» командасы премьер-лигада екінші орында келеді. ХХІ турдан кейін қосымша көрсеткіштер бойынша «Қайраттан» қалып тұр.

Румындық маман Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрып отырған жоқ. Осыған дейін айтқанымыздай, 2013 жылы «Астананы» маусым соңына дейін жаттықтырып, күміс жүлдегер атандырған. Сол кезде дәл осы «Ақтөбеден» бір ұпай айырмасымен қалып қойған еді. Сондықтан да тәжірибелі маман үшін қазақстандық клубтардың ойыны жат емес екені анық. Йоан Андоне Қазақстанға өзімен бірге екі көмекшісін де ала келді. Италиялық Паоло Поточник пен Сергей Кириллов (Молдова) румын маманына маусым бойы көмектесетін болады.

Ө. Сансызбай