«Алашкерт» Алматыдағы алғашқы жаттығуларын өткізді

«Алашкерт» Алматыдағы алғашқы жаттығуларын өткізді
Фото: massaget.kz

Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Қайраттың» қарсыласы атанған Арменияның «Алашкерт» клубы Алматының орталық стадионындағы алғашқы жаттығуларын өткізді. Жаттығу алдында клубтың бапкері мен капитаны тілшілер сұрағына жауап берді.

Владимир Вайсс шәкірттеріне қарсылас атанған армениялық клубтың тарихы бай емес. Мартуни қаласының намысын қорғайтын ұжым 1990 жылы құрылған. 1992 жылы елдің жоғарғы лигасында бақ сынап, соңғы орынға тұрақтаған. Одан кейінгі уақытта елдің төменгі лигасында өнер көрсеткен. Сондай-ақ түрлі дағдарыстарға байланысты маусым ойындарына қатыспаған кездері де болған. 2011 жылы кәсіпкер Баграт Нагоян клубтан қайта аяқтан тұрғызады. 2012 жылы клуб бірінші лигада жеңімпаз атанып, жоғарғы лигаға оралады. 2013/2014 жылғы маусымда «Алашкерт» жоғарғы лигада соңғы орын алса, өткен маусымда төртінші орыннан көрінді. Нәтижесінде Еуропа лигасына қатысуға мүмкіндік алған болатын.

Баспасөз мәслихатында тілшілер сұрағына жауап берген команданың бас бапкері Абраам Хашманян ертеңгі ойынға қатысты өз пікірін білдірді. Сондай-ақ команданың қайта құрылғанына 3 жыл ғана толғанын алға тартып, «Қайратқа» қарсы ойында келесі кезеңге өтуді басты мақсат тұтпайтындықтарын құлаққағыс етті.

- Біздің команда нағыз намысты қолдан бермейтін ойыншылардан жасақталған. Біздің клубтың қайта құрылғанына үш-ақ жыл болды. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз – келесі кезеңге өту емес, тегеурінді қарсылық таныту. Біздің күшіміз – ұйымшылдық пен ойыншылардың намысшыл болуында, - деді «Алашкерт» бапкері.

Бас бапкер Абраам Хашманян мен команда капитаны Арам Барегамян «Қайраттың» фаворит екенін де жасырмады.

- Бұл ойында «Қайратта» басымдық бар екені байқалады. Біріншіден, біз ішкі біріншілікке енді дайындалып жатырмыз. Ал Қазақстанда керісінше, нағыз қызған шағына келді. Екіншіден, біздің ойыншылар екі аптадан бері елден шеткері жүр. Алыс жолдан ойыншылардың қажығаны да рас. Десе де клуб қызметкерлері ойыншылардың дайындығына баса мән беретін болады. Жарақат алған ойыншылар жоқ, - деді Абраам Хашманян.

Айта кетейік, «Қайрат» пен «Алашкерт» арасындағы ойын ертең Астана уақытымен кешкі сағат 20:45-те басталады. Кездесуді қазақстандық жанкүйерлер «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Ө. Сансызбай