Арда Тұран «Барселона» ойыншысы атанды

Арда Тұран «Барселона» ойыншысы атанды
Фото: fcbarcelona.cat

Каталондық «Барселона» мадридтік «Атлетиконың» белді ойыншыларының бірі Арда Тұранды өз қатарларына қосты. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Команда мен футболшы арасындағы негізгі келісімшарт 20 шілде күні аяқталады. Ал оған дейін, нақтырақ айтсақ 18 шілдеде клуб президентін сайлау рәсімі өтеді.

Түрік футболшысының трансферлік құны 34 миллион евроны құраған. Сондай-ақ «Атлетико» футболшы ойдағыдай өнер көрсетіп кететін болса, 7 миллион евро қосымша сый да алатын болады.

Айта кетейік, Арда Тұран «Атлетикоға» 2011 жылы «Галатасарайдан» ауысып келген болатын. Төрт маусым ішінде Испания кубогы, Суперкубогы мен чемпиондығын иеленді. Сондай-ақ Еуропа лигасы мен Еуропа Суперкубогын да жеңіп алды.

Арда Тұран Түркия құрамасы сапында 81 ойын өткізіп, 14 гол соққан. Соңғы рет Алматының орталық стадионында Қазақстан құрамасының қақпасына гол соғып, түріктерге жеңіс сыйлаған болатын. 

Ө. Сансызбай