«Қазақстан барысының» билеттері сатылымға шықты

О Сансызбай Корреспондент
«Қазақстан барысының» билеттері сатылымға шықты
Фото ©️ kazakhstanbarysy.kz

Қазақ күресінің айтулы бәсекесіне айналған «Қазақстан барысы» турнирінің билеттері сатылымға шықты. Биыл да қазақстандықтардың жанкүйер болып барып, жеңімпаз атанып қайтуға мол мүмкіндіктері бар. Себебі, жанкүйерлер арасында ұтыс ойнатылып, автокөлік иегері анықталатын болады.

БӨЛІСУ

«Қазақстан барысы» ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, билеттердің құны 1000, 3000 және 5000 теңгеден. Сондай-ақ, сатылған билеттер арқылы жүлде ойнатылады. Бас жүлдеге автокөлік тігіліп отыр. Жалпы, жанкүйерлер арасында автокөлік ұтысын ойнату - «Қазақстан барысының» жылдағы дәстүрлі сыйына айналып келеді.

2015 жылғы «Қазақстан барысының» финалдық кезеңіне дейін үш кезеңдік іріктеу сындары өтті (ауыл, аудан, облыс). Финалға шыққан балуандардың ішінде есімі елге таныстары жетерлік: Бейбіт Ыстыбаев («Қазақстан Барысы» 2012), Айбек Нұғымаров («Қазақстан Барысы» 2013), Мұхит Тұрсынов («Қазақстан Барысы» 2014), Нұрлан Жамалов, Бақтыбай Кісіков, Александр Касачев, Ержан Шынкеев, Асыл Барменов, Руслан Әбдіразақов, Максим Гербер, Мейрамбек Жаңабай, Жұманазар Ерсұлтанов, Рүстем Жұмаев, Бақыт Ысмағұлов және Ғани Сейділдаев. Ал, бұл атақты балуандармен бірге «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық сынына тұңғыш рет шыққан жаңа есімдер де бар. Кім біледі, мүмкін 2015 жылғы «Қазақстан Барысы» атағын жаңадан қосылған балуанның бірі жеңіп алар?! Әсіресе, Сыр өңірінің намысын қорғағалы келген Нұрым Сәлімгереевті ерекше атап өтуге болады. Ол Қызылордадағы іріктеу кезеңінде Руслан Әбдіразақовты жеңсе, Аягөздегі ел чемпионатының финалында өткен жылғы «Қазақстан барысының» күміс белбеу иегері Асыл Барменовтен басым түсті.

Айта кетейік, 2015 жылғы «Қазақстан барысы» турнирі Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясы 20 жылдығы мен Конституцияның 20 жылдығына арналып отыр. Дода 4 шілде күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрек кешенінде өтеді.