Қазақстандық өнер жұлдыздары әлем чемпионатында бесінші орын алды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық өнер жұлдыздары әлем чемпионатында бесінші орын алды
Фото ©️ art-football.ru

Мәскеуде өнер жұлдыздары арасында ұйымдастырылған әлем чемпионаты немесе «Арт-футбол» жобасы мәресіне жетті. Еліміздің намысын қорғаған «Алатау» командасы жарысты бесінші орынмен аяқтады.

БӨЛІСУ

Қазақстандық сахна саңлақтары топтық кезеңде Қырғызстан, Германия және Оңтүстік Корея елдерінен келген командаларға қарсы ойнады. Бірінші ойында «айыр қалпақты» елден келген әріптестерімен 2:2 нәтижесімен тең тарқасса, неміс ұжымынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Ал Оңтүстік Кореядан келген команданы 3:1 есебімен жеңді. Топта екінші орын алған отандастарымыз 5-8 орындарға таласуға мүмкіндік алды.

5-8 орындарға таласатын «Super Stars» кезеңінің жартылай финалында қазақстандық өнер жұлдыздары Нидерланд елінен келген әріптестерінен 2:0 есебімен басым түсті. Ал бүгін бесінші орын үшін өткен ойында отандастарымыз Словения елінен келген команданы 4:1 есебімен ойсырата жеңді.

2015 жылғы әлем чемпионатында Израиль елінің өнер жұлдыздары чемпион атанды. Олар алаң иелерін пенальти сериясында 4:5 есебімен жеңді. Үшінші орын үшін өткен ойында Румыниядан келген команда немістердің қақпасына жауапсыз төрт доп тоғытты.

Айта кетейік, қазақстандық өнер жұлдыздары өткен жылы да бұл додаға қатысқан болатын. Әлем чемпионаты немесе «Арт-футбол» деп аталатын жарыс – әлемдік деңгейдегі қайырымдылық акциясы негізінде ұйымдастырылып келеді. Әншілер доп теуіп қана қоймай, бос кездерінде түрлі концерттік іс-шаралар да ұйымдастырды. Одан түскен қаражат науқас балаларды емдеуге жұмсалады.