Қазақстандық өнер жұлдыздары әлем чемпионатын тең нәтижемен бастады

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық өнер жұлдыздары әлем чемпионатын тең нәтижемен бастады
Фото ©️ prosportkz.kz

5 маусым күні Ресей астанасы Мәскеуде өнер жұлдыздары арасында футболдан әлем чемпионаты басталған болатын. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып жатқан додада қазақ өнер жұлдыздарынан құралған «Алатау» командасы да бақ сынауда. Отандастарымыз бірінші ойынын тең нәтижемен бастады.

БӨЛІСУ

Қазақстандық өнер жұлдыздарынан құралған команда топтық кезеңде Қырғызстан, Германия және Оңтүстік Корея құрамаларымен бір топта өнер көрсетуде. Бірінші ойынында «айыр қалпақты» елдің теңбіл доп шеберлерімен ойнаған қазақстандық «Алатау» 2:2 есебімен тең ойнады. Енді ертең Оңтүстік Корея өнер жұлдыздарымен үш ұпайды сарапқа салатын болады.

«Алатау» командасының құрамы:

Қақпашылар: Абдулкарим Каримов, Батыр Байназаров (RIN’GO), Райым Тынықов («Тарту»), Ақылбек Досжанов.

Қорғаушылар: Ерлан Әлімов, Мэлс Сағатулы, Абай Жаңсарбаев, Медет Қожекбаев («Арай»), Ғаділбек Жанай, Қазбек Қожахметов, Кенжебек Жанәбәлов («МузАРТ»), Арман Қонырбаев (Mysterions), Евгений Гартунг.

Жартылай қорғаушылар: Сұлтан Күнтуған («Серiлер»), Ғалымжан Арыстанбекұлы (клуб президенті), Аян Бірбаев (RIN’GO), Жұбаныш Жексенұлы, Әділжан Умаров (RIN’GO), Дәурен Сейітжан, Тәуекел Мүсілім, Әділбек Сарбаев, Ильяс Харов (Бәрі - Mysterions).

Шабуылшылар: Мұқасан Шахзадаев (капитан), Нұрлан Қонысбаев (екеуі де -«Нұр-Мұқасан»), Рысбек Аташев («Арай»), Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев (екеуі де — «МузАРТ»), Данияр Өтеген (RIN’GO), Валерий Яблочкин.

Айта кетейік, қазақстандық өнер жұлдыздары өткен жылы да бұл додаға қатысқан болатын. Әлем чемпионаты немесе «Арт-футбол» деп аталатын жарыс – әлемдік деңгейдегі қайырымдылық акциясы негізінде ұйымдастырылып келеді. Әншілер доп теуіп қана қоймай, бос кездерінде түрлі концерттік іс-шаралар да ұйымдастырады. Одан түскен қаражат науқас балаларды емдеуге жұмсалады.