Жанат Жақиянов WBA рейтингінде бір саты жоғарылады

Жанат Жақиянов WBA рейтингінде бір саты жоғарылады
Фото: hattonboxing.com

Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов Әлемдік бокс федерациясы рейтингінде (WBA) бір саты жоғарылады.

Жаңарған тізімде Жанат екінші орынға көтерілді. Өзге де қазақстандық боксшылар арасында Қанат Ислам мен Бейбіт Шүменов бұрынғы орынын сақтап қалды. Бейбіт бірінші ауыр салмақтағы көшбасшылық орнында қалса, бірінші орта салмақта өнер көрсететін Қанат Ислам алтыншы орынға тұрақтады.

Естеріңізге сала кетсек, Жанат Жақиянов EBU жүйесі бойынша жеңіл салмақтағы Еуропа чемпионы және «WBC Eurasia Pacific Boxing Council» белбеуінің иегері саналады. Сондай-ақ, WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер боксшылардың арасында бірінші орынға ие. Қазақстандық боксшы ағылшындық «Hatton Promotions» промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс жасап келеді. Компания иегері мен бапкер Рикки Хаттон жерлесіміздің осы уақытқа дейін өткізген кездесулердегі өнерін жоғары бағалауда. Танымал тұлғаның ойы еуропалық басылымдарда да жарияланды.  

Жанат Жақиянов ең соңғы рет WBA International атағы үшін өткен жекпе-жекте аргентиналық боксшы Хэктор Роландо Гусманды айқын басымдылықпен жеңген болатын. 

Н. Айдархан