Қазақ күресінен ел біріншілігі Аягөз қаласында өтеді

Қазақ күресінен ел біріншілігі Аягөз қаласында өтеді
Фото: kazakhstanbarysy.kz

Қазақ күресінен 2015 жылғы ел біріншілігі 5-9 маусым аралығында Аягөз қаласында өтеді. Бұл туралы «Қазақстан барысының» ресми сайты хабарлап отыр.

Ел біріншілігінде әйелдер 48, 52, 57,63, 70, 78 және +78 келі салмақ дәрежелерінде белдессе, ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежелерінде боз кілемге шығады. Жарысқа жалпы саны 250-ден астам спортшы қатысады.

Чемпион атағы үшін таласуға Алматы қаласынан, ШҚО мен Қызылорда облыстарынан әр салмақ дәрежесі бойынша 3 балуаннан, ал Астана қаласынан, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарынан 2 балуаннан бақ сынайтын болады. СҚО, ОҚО, БҚО, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Ақмола облыстарынан әр салмақ дәрежесі бойынша бір-бір спортшыдан сайысқа түседі. Ел біріншілігінде 2015 жылғы «Қазақстан барысына» қатысатын балуандар да өнер көрсетеді.

Жарыс кестесі:

Өтетін орны: Аягөз қаласындағы орталық стадион

Жарыстың өтетін уақыты: 5-9 маусым

5 маусым - спортшылардың келуі (әйелдер)

6 маусым 10:00- әйелдер арасындағы жарыс

7 маусым - спортшылардың келуі (ерлер)

8 маусым 10:00 - ерлер арасындағы жарыстың ресми ашылу салтанаты

9 маусым 10:00 - түйе балуандар арасындағы ақтық сайыс, жабылу салтанаты

Ө. Сансызбай