Қазақстандық Арман Оспанов ресейлік Расул Мурзаевпен жекпе-жек өткізеді

Қазақстандық Арман Оспанов ресейлік Расул Мурзаевпен жекпе-жек өткізеді
Фото: vk.com

Ережесіз жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы, Alash Pride командасының спортшысы Арман Оспанов ресейлік танымал спортшы Расул Мирзаевпен жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

«ММА Alash Pride» халықаралық турнирі 4 қыркүйек күні Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Турнирге Қазақстан, Ресей және өзге де елдердің танымал спортшылары қатысады. Жарыс Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып өткізілмек.

Халықаралық турнирдің басты кездесуі қазақстандық Арман Оспанов пен танымал ресейлік аралас жекпе-жек шебері Расул Мирзаев арасында өтеді. Қазіргі таңда турнирдің келісімшарттары дайындалып, аяқталған. Жақын уақытта өзге де жекпе-жекке шығатын спортшылар туралы ақпарат жарияланатын болады.

Ресейлік Расул Мирзаев осыған дейін де Қазақстанда екі жекпе-жек өткізді. 2013 жылы ол Ержан Естановпен өткен кездесуде жеңіске жетті. 2014 жылы өткен жекпе-жекте де ол қазақстандық спортшыны жеңіп кеткен болатын. Ал, қазақстандық Арман Оспанов болса ММА турнирі аясында алты жеке-жек өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған.  

Ө. Сансызбай