Зарина Диас «Ролан Гарросты» жұптық кезеңде жалғастырады

Зарина Диас «Ролан Гарросты» жұптық кезеңде жалғастырады
Фото: vk.com

Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Диас Франция ашық біріншілігін екінші кезеңнен аяқтады. Отандасымыз жекелей сында бельгиялық Алисон ван Уйтванктан ұтылып қалды.

Бірінші кезеңде Зарина Диас неміс қызы Дина Пфиценмайерден басым түскен еді. Екінші кезеңдегі кездесуде де отандасымыз фаворит болатын. Бірақ фаворит екенін бірінші сетте ғана дәлелдеді. Алисон ван Уйтванкты бірінші сетте 6:0 есебімен жеңіп шығып, кейінгі екі сетте 1:6, 4:6 есептерімен ұтылып қалды. Енді қазақстандық теннисші «Ролан Гарросты» жұптық кездесулерде жалғастырады. Бүгін Астана уақытымен сағат 19:30-да Зарина қытайлық Сюй Ифаньмен бірге апалы-сіңлілі Родионоваларға қарсы өнер көрсетеді.

Айта кетейік, осыған дейін Ярослава Шведова да жұптасып өнер көрсетуде екінші кезеңге өткен болатын. Ол австралиялық Кейси Деллаквамен бірге екінші айналымда ертең Ализе Корне мен Магда Линетке қарсы ойнайды. 

Ө. Сансызбай