Қазақстандық таеквондошылар әлем чемпионатынан жүлдесіз оралды

Қазақстандық таеквондошылар әлем чемпионатынан жүлдесіз оралды
Фото: kaztkd.kz

Ресейдің Челябі қаласында таеквондодан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Елімізден аттанған 16 спортшының бірде-бірі жүлдеге іліге алмады.

Таеквондодан G12 дәрежесіндегі әлем чемпионаты екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Биылғы Челябі қаласында өткен әлем чемпионаты 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға лицензиялық ұпайлар таратты. Додаға 50 мемлекеттен 1000-нан астам таеквондошы қатысты. Олардың қатарында әлем және Олимпиада чемпиондары да бар. О баста үш жүлде иеленіп қайтады деп күтілген отандастарымыз мақсатты орындай алмады.

Таеквондодан Қазақстан құрамасы 2009 жылдан бері әлем чемпионаттарында жүлде ала алмай келеді. Соңғы рет 2009 жылы Копенгагенде өткен әлем чемпионатында Арман Шілманов 87 келіден жоғары ең ауыр салмақта қола жүлдегер атанған болатын. 2011 жылы Оңтүстік Кореядан, араға 2 жыл сала Мексикадан қоржынымыз бос қайтты. Биыл да Мұстахим Қабдірашев жаттықтыратын құрамаға жүлде бұйырмады.

2015 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея құрамасы 4 алтын, 1 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Екінші орыннан 3 алтын 2 қола еншілеген Иран құрамасы көрінсе, үштікті Түркия (2 алтын, 1 күміс, 1 қола) таеквондошылары қорытындылады.

Жалпыкомандалық құрамалар рейтингі

Орындар Мемлекет Алтын Күміс Қола Жүлделер саны
1 Оңтүстік Корея 4 0 1 5
2 Иран 3 0 2 5
3 Түркия 2 1 1 4
4 Өзбекстан 1 2 0 3
5 Қытайлық Тайпей 1 1 1 3
5 Ұлыбритания 1 1 1 3
6 Бельгия 1 1 0 2
7 Таиланд 1 0 1 2
8 Әзірбайжан 1 0 0 1
8 Жапония 1 0 0 1
9 Испания 0 3 1 4
10 Ресей 0 2 5 7
11 Қытай 0 2 1 3
12 Украина 0 1 0 1
12 Франция 0 1 0 1
12 Кот-д’Ивуар 0 1 0 1
13 Бразилия 0 0 2 2
13 Хорватия 0 0 2 2
13 Куба 0 0 2 2
13 АҚШ 0 0 2 2
14 Колумбия 0 0 1 1
14 Сербия 0 0 1 1
14 Габон 0 0 1 1
14 Грекия 0 0 1 1
14 Мали 0 0 1 1
14 Венгрия 0 0 1 1
14 Беларусь 0 0 1 1
14 Мексика 0 0 1 1
14 Молдова 0 0 1 1
14 Германия 0 0 1 1 


Айта кетейік, жыл басынан бері ұлттық құрама Бразилия секілді шет елдерде бірнеше рет шеберлігін шыңдап, әлем чемпионатына дайындық жүргізген болатын. Сондай-ақ тәжірибені арттыру мақсатында спортшыларымыз 10 шақты халықаралық жарыстарға қатысып, 19 жүлдеге қол жеткізген-ді.  

Ө. Сансызбай