Түрік төрешісі Чемпиондар лигасының финалына қазылық жасайды

Түрік төрешісі Чемпиондар лигасының финалына қазылық жасайды
Фото: sport-express.ru

Түрік төрешісі Джюнейт Чакыр Чемпиондар лигасының финалындағы «Барселона» мен «Ювентус» арасындағы ойынға қазылық жасайтын болды. Бұл туралы УЕФА ресми сайты хабарлап отыр.

Еуропаның басты бәсекесінің шешуші ойыны 6 маусым күні Берлинде өтеді. Маңызды ойында қазылық жасайтын түрік төрешісіне алаң жиегінде Бахаттын Дуран мен Тарик Энгюн көмектеседі. Қосымша көмекшілері болып Хусейн Гечек пен Барыш Шимшек қызмет атқарса, төртінші қазы қызметі швед Йонас Эрикссонға жүктелген. Бұл маусымда Джюнейт Чакыр Чемпиондар лигасының төрт ойынына қазылық жасап, 16 сары қағаз көрсеткен. Екі рет пенальти белгілеген.

Еуропа лигасының «Днепр» мен «Севилья» арасындағы финалдық кездесуіне ағылшын Мартин Аткинсон қазылық жасайтын болды. 27 мамыр күні Польша астанасы Варшавада өтетін ойында бас қазыға Майкл Малларки мен Стивен Чайлд көмектеседі. Мартин Аткинсон бұл маусымда Чемпиондар лигасының сегіз ойынына, Еуропа лигасының бір кездесуінде төрешілік жасады. 

Ұқсас жазба

Чемпиондар лигасы «Эль-Класикомен» жалғаспайды (видео)

Ө. Сансызбай