Премьер-лига. «Ақтөбе» көш тізгінін сақтап қалды

Премьер-лига. «Ақтөбе» көш тізгінін сақтап қалды
Фото: vk.com

Футболдан ел премьер-лигасының ХІІ тур ойындары мәресіне жетті. Бірінші орында келе жатқан «Ақтөбе» Алматыда «Қайратты» жеңіп, өз орнын сақтап қалды. Ал Шымкенттің «Ордабасы» клубы да жеңіліссіз ойындар сериясын жалғастырды.

ХІІ тур ойындарында барлығы 15 гол соғылды. Оның 7-уін легионерлер соққан. 6 ойында да алаңнан қуылған ойыншы тіркелген жоқ.

«Ордабасы» мен «Атырау» ХІІ турда қарсыластарын бір доп басымдығымен жеңіп шықты. Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда «Шахтерды» қабылдаған алаң иелері 78 минутта Бронислав Трайкович соққан голдың нәтижесінде жеңіске жетті. Ал «Атырау» түзде «Таразды» Берік Айтбаев соққан гол нәтижесінде жеңді. Батысқазақстандық клуб премьер-лиганың соңғы алты ойынында қарсыластарынан басым түсті.  

Бұл маусымда «Ордабасыдан» өзге «Ақтөбе» де жеңіліс тауып көрген жоқ. ХІІ турда «Қайратты» 1:2 есебімен жеңді. Алматының орталық стадионында өткен кездесуде қонақтар сапынан Сергей Хижниченко мен Алексей Антонов гол соқты. Соңғы минуттардағы Жерар Гоудың голы есепті қысқартса, Бауыржан Исламхан пенальти орындай алмады. Нәтижесінде Владимир Вайсс жаттықтыратын клуб өз алаңында екінші рет қатарынан жеңіліс тапты.

Қостанайда «Тобыл» Талдықорғанның «Жетісу клубын 3:1 есебімен ұтты. Қонақтар сапынан Душан Савич бір гол соқса, алаң иелері қатарынан Калу Уче хет-трик авторы атанып, өзінің туған күніне үлкен сый жасады.

Ел чемпионатына осы маусымда қосылған Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы да осалдық танытып тұрған жоқ. ХІІ турда «Қайсарды» 2:0 есебімен жеңді. Қызылордада өткен ойында Ильнур Мангуткин мен Әлібек Булешев гол соқты.

Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» Павлодарда «Ертіспен» 2:2 есебімен тең тарқасты. Елордалық клуб сапынан Фокси Кетевоама мен Танат Нөсербаев гол соқса, алаң иелері қатарынан Константин Дудченко мен Азат Ерсәлімов мергендігімен танылды.  

ХІІ тур қорытындысы бойынша турнир кестесінде «Ақтөбе» 26 ұпаймен бірінші орнын сақтап қалды. Екінші және үшінші орында 24 ұпаймен «Атырау» және «Ордабасы» тұр. 

 №  Клубтар Тур    Жеңіс  Тең ойын  Жеңіліс Голдар айырмасы  Ұпай 
1  "Ақтөбе" 12 7 5 0 14-5 26
2  "Ордабасы" 12 6 6 0 13-5 24
3  "Атырау" 12 7 3 2 14-10 24
4  "Астана" 12 6 4 2 23-13 22
5  "Қайрат" 12 5 3 4 21-10 18
6  "Тараз" 12 5 2 5 10-8 17
7  "Оқжетпес" 12 5 1 6 13-16 16
8  "Тобыл" 12 4 2 6 12-20 14
9  "Қайсар" 12 2 6 4 5-9 12
10  "Ертіс"
12 1 6 5 13-18 9
11  "Жетісу" 12 1 4 7 7-18 7
12  "Шахтер" 12 1 2 9 7-20 5
Ө. Сансызбай