«Барселона» Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Барселона» Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды (видео)
Фото ©️ vk.com

Футболдан 2014/2015 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалына бірінші болып каталондық «Барселона» жолдама алды. Қарымта ойында Неймар дубль авторы атанғанмен, мюнхендік клуб 3:2 есебімен жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Луис Энрике шәкірттері бірінші ойында ірі есеппен жеңіске жетпегенде, «Альянс-Аренада» оңай соқпасы анық еді. Себебі Хосеп Гвардиола командасы түзде сәтсіз ойнағанмен, өз алаңында есе жібермей келеді. Мұны «Барселонаға» қарсы қарымта ойында да дәлелдеді.

«Альянс-Аренадағы» ойынның 7 минутында есеп ашылды. Хави Алонсоның бұрыштамадан асырған добын Мехди Бенатиа «блауграна» қақпасына тоғытты. Бірақ араға 7 минут сала Неймар Суарестің сәтті пасын голға айналдыра білді. 29 минутта Неймар дубль авторы атанды. Алайда екінші таймда Хосеп Гвардиола шәкірттері финалға шықпаса да, жанкүйерлерін жерге қаратпау үшін барын салды. 59 минутта Роберт Левандовский есепті қайта теңестірсе, 79 минутта Томас Мюллер алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды соқты. Алайда қос ойын қорытындысы бойынша «Барселона» 5:3 есебімен финалға жолдама алды.

Чемпиондар лигасының финалына шыққан екінші клуб ертең анықталады. Екінші жолдаманы мадридтік «Реал» мен туриндік «Ювентус» сарапқа салатын болады. Ал бұл маусымдағы дүбірлі доданың финалы 6 маусым күні Берлинде өтеді.