Ел премьер-лигасының ХІ турында соғылған голдар (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Ел премьер-лигасының ХІ турында соғылған голдар (видео)
Фото ©️ kff.kz

Футболдан ел премьер-лигасының ХІ тур ойындары мәресіне жетті. Бірінші орында келе жатқан «Ақтөбе» түзде Қарағандының «Шахтер» клубын бір доп басымдығымен жеңді. Бұл турдағы бірде-бір ойында тең есеп тіркелмеді.

БӨЛІСУ

Жаңа маусымда жеңіліс таппаған «Ақтөбе» мен «Ордабасы» бұл турды да сәтті аяқтады. Қарағандыда Владимир Газзаев шәкірттері Данилоның соққан голының арқасында жеңіске жетсе, шымкенттік клуб та түзде «Оқжетпесті» 0:1 есебімен тізе бүктірді. Кездесудегі нәтижелі голды Александр Гейнрих соқты.

Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» Талдықорғанда «Жетісуді» 1:3 есебімен жеңіп, 3 ұпайды еншілеп қайтты. Алаң иелері сапынан Деспотович гол соқса, қонақтардан Рохер Каньяс, Патрик Твумаси және Алексей Щеткин мергендігімен танылды.

Павлодардың «Ертіс» клубы өз алаңында «Таразға» есе жіберді. Кездесудің «тағдырын» шешкен голды 35 минутта Александр Яровенко соқты.

Алматыда «Қайрат» «Атырауға» ұтылып қалды. Өз алаңында жеңілмей келген Владимир Вайсс шәкірттерінің 3 ұпайды иеленуге қауқарлары жетпеді. 55 минутта Дмитрий Пархачевтің соққан голы қонақтарға жеңіс сыйлады. 81 минутта премьер-лиганың үздік сұрмергені Жерар Гоу пенальти соға алмады.

ХІ турда өз алаңында жеңіске жеткен жалғыз клуб – «Тобыл» (Қостанай). 90 минутта Иван Садовничийдің «Қайсар» клубына соққан голы қонақтарды сан соқтырып кетті.

Турнир кестесі

Орын  Клуб Ойын Жеңіс Тең нәтиже Жеңіліс Доптар Ұпайлар
1  "Ақтөбе" 11 6 5 0 12-4 23
2  "Астана" 11 6 3 2 21-11 21
3  "Ордабасы" 11 5 6 0 12-5 21
4  "Атырау" 11 6 3 2 13-10 21
5  "Қайрат" 11 5 3 3 20-8 18
6  "Тараз" 11 5 2 4 10-7 17
7  "Оқжетпес" 11 4 1 6 11-16 13
8  "Қайсар 11 2 6 3 5-7 12
9  "Тобыл" 11 3 2 6 9-19 11
10  "Ертіс" 11 1 5 5 11-16 8
11  "Жетісу" 11 1 4 6 6-15 7
12  "Шахтер" 11 1 2 8 7-19 5

Жалпы ел премьер-лигасының ХІ турында барлығы 9 гол ғана соғылды. ХІІ тур ойындары 16 мамыр күні өтеді.