«Севилья» Еуропа лигасының финалына жақындай түсті (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Севилья» Еуропа лигасының финалына жақындай түсті (видео)
Фото ©️ vk.com

Футболдан Еуропа лигасының жартылай финалындағы бірінші ойындар мәресіне жетті. Өз алаңында Италияның «Фиорентина» клубын қабылдаған испандық «Севилья» екінші жыл қатарынан доданың финалына шығуына мүмкіндік алды. Ал Неапольда «Наполи» мен «Днепр» тең тарқасты.

БӨЛІСУ

Өткен маусымда Еуропа лигасын жеңіп алған «Севилья» бұл маусымда да жеңістен басты үміткер ұжымдардың бірі. Өз алаңында «Фиорентинаны» 3:0 есебімен жеңген испандық клуб финалға шығуға нықтап қадам жасады. Алекс Видаль дубль авторы атанса, кездесудегі үшінші голды алаңға кіре сала Карлос Гамейро соқты. Қанша алға ұмтылғанмен қонақтардың қарқынды шабуылдары өз нәтижесін бермеді.

Неапольда жергілікті «Наполи» Украинаның «Днепр» клубымен тең тарқасты. Ойында 1:1 есебі тіркелді. 50 минутта Давид Лопес есеп ашса, 81 минутта Евгений Селезнев таразы басын теңестірді. Бірақ қонақтардың есепке алынған голы төрешілер қателігінен кейін орын алды. Қапталдағы төреші украиналық клубтың шабуылшысы ойыннан тыс қалғанын аңғармай қалды. Нәтижесінде «Днепр» сырт алаңдағы маңызды ойында жеңілістен аман қалды. 

Клубтар арасындағы қарымта кездесулер 14 мамырға жоспарланған. Ал Еуропа лигасының финалы 27 мамыр күні Польша астанасы Варшавада өтеді.