Премьер-лига көшін қай клуб бастайды?

Премьер-лига көшін қай клуб бастайды?
Фото: kff.kz

Ертең футболдан ел премьер-лигасының Х тур ойындары өтеді. Осыған дейінгі ІХ тур қорытындысы бойынша турнир кестесінде оза шыққан клуб байқалған жоқ. Алдыңғы орындағы «Қайрат», «Ордабасы» және «Ақтөбе» клубтарының ұпайлары бірдей.

Евгений Яровенко жаттықтыратын «Тараз» соңғы ойындарын сәтті өткізіп келеді. Ұлттық құрамаға төрт бірдей ойыншысы шақырту алды. Ал олардың қарсыласы – «Оқжетпес» те осал емес. Премьер-лигаға биыл ғана қосылғанмен, көштен қалмай келеді. Десе де спорт мамандары алаң иелері жеңіске жетеді деп болжауда.  

ІХ тур қорытындысы бойынша әлі жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген екі клуб қана бар. Бірі – шымкенттік «Ордабасы» болса, екіншісі – «Ақтөбе». Бұл екі клуб Х турда да жеңілмейді деп күтілуде. Виктор Кумыков шәкірттері өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» клубымен ойнаса, «Ақтөбе» де өз алаңында «Ертісті» қабылдайды.

Өткен маусымда ел чемпионы атанаған «Астананың» әзірге аяқ алысы аса қарқынды емес. Өткен турда «Қайсардан» ұтылып қалған болатын. Х турдағы ойынын өз алаңында өткізеді. Қарсыласы – Қостанайдың «Тобылы». Ойында алаң иелері айқын фаворит саналуда.

Жаңа маусымды «Атырау» да жаман бастаған жоқ. 15 ұпай жинаған ұжым турнир кестесінде бесінші орында келеді. Х турда батысқазақстандық клуб оңала алмай жүрген қарағандылық «Шахтермен» кездеседі. «Кеншілер» жаңа маусымға бой үйрете алмай жүрген секілді. 5 ұпаймен турнир кестесінде соңғы орында тұр.

Х турдан кейін премьер-лига көшін бастаудан үмітті клубтардың бірі – «Қайрат» (Алматы). Владимир Вайсс командасы бұл турда Қызылордада ойнайды. Өткен турда «Астананы» жеңген «Қайсар» қонақтарға қандай сый дайындап қойғанын ойында көретін боламыз.

Премьер-лига, Х тур.

«Тараз» - «Оқжетпес» (Көкшетау) – 14:00 (KazSport)

«Ордабасы» (Шымкент) – «Жетісу» (Талдықорған) – 16:00 (KazSport)

«Ақтөбе» - «Ертіс» (Павлодар) – 17:00

«Астана»  - «Тобыл» (Қостанай) – 17:00

«Қайсар» (Қызылорда) – «Қайрат» (Алматы) – 17:00

«Атырау» - «Шахтер» (Қарағанды) – 19:00

Ойындар Астана уақытымен көрсетілген

Ө. Сансызбай