Жанат Жақиянов Жеңіс күні шаршы алаңға шығады

Жанат Жақиянов Жеңіс күні шаршы алаңға шығады

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген отандасымыз Жанат Жақиянов 9 мамыр күні шаршы алаңға шығатын болды. Отандасымыздың қарсыласы әлі бір рет те жеңіліп көрмеген аргентиналық боксшы - Хэктор Роландо Гузман.

31 жастағы қазақстандық боксшы кәсіпқой бокста 25 кездесу өткізіп, оның біреуінде ғана жеңіліс тапқан. 24 кездесуінде жеңімпаз атанған жерлесіміз 17 мәрте жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Отандасымыздың аргентиналық қарсыласы осыған дейін 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен екен. 9 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Жанат Жақиянов пен Хэктор Роландо Гузман арасындағы жекпе-жек 9 мамыр күні Болгарияда өтеді. 12 раундқа созылатын кездесуді «World Sport Promotions» және «Hatton Promotions» промоутерлік компаниялары ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, Жанат Жақиянов EBU жүйесі бойынша жеңіл салмақтағы Еуропа чемпионы және «WBC Eurasia Pacific Boxing Council» белбеуінің иегері саналады. Сондай-ақ, WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер боксшылардың арасында бірінші орынға ие. Қазақстандық боксшы ағылшындық «Hatton Promotions» промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс жасап келеді. Компания иегері мен бапкер Рикки Хаттон жерлесіміздің осы уақытқа дейін өткізген кездесулердегі өнерін жоғары бағалауда. Танымал тұлғаның ойы еуропалық басылымдарда да жарияланды.

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай