Еурокубок ойындарының жеребесі тартылды

Футболдан Еуропаның басты бәсекелері - Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы жартылай финалының жеребесі тартылды. Швейцарияның Ньон қаласында өткен салтанатты шарада командалар қарсыластарын білді. 

Еуропа лигасының жартылай финалында италиялық "Наполи" украиналық "Днепрмен" кездессе, италиялық екінші клуб "Фиорентина" испандық "Севильямен" финал жолдамасын сарапқа салатын болды. Командалар арасындағы бірінші ойындар 7 мамырда өтсе, қарымта кездесулер 14 мамырға жоспарланған. Бұл доданың финалын Польша астанасы Варшава қабылдайды. 

Чемпиондар лигасының жартылай финалында мюнхендік "Бавария" мен каталондық "Барселона", туриндік "Ювентус" пен мадридтік "Реал" кездесетін болды. Бірінші ойындар 5-6 мамырда өтсе, қарымта кездесулері 12-13 мамырға жоспарланған. Шешуші ойын (финал) 6 маусым күні Берлиндегі «Олимпиадалық» стадионда өтеді.

Сурет: vk.com