Бүгін Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан клубтар анықталады

Бүгін Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан клубтар анықталады

Бүгін футболдан Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан клубтар анықталады. Қазіргі таңда нақты бір клубты фаворит ретінде атап айтпасақ та, финалда өнер көрсетуге қауқары жететін футбол ұжымдары іріктеліп үлгерді.

Өткен маусымда бұл додада Испанияның «Севильясы» топ жарған болатын. Бұл ұжым биыл да өз атағын қорғап келеді. Егер бүгін «Зениттен» басым түсіп жатса, жартылай финалға шығатын болады. Бірақ, ресейлік клуб өз алаңында осал қарсылас саналмайды. Тіпті, бірінші ойында жеңіп кетудің аз-ақ алдында болған еді.

Еуропа лигасындағы фаворит клубтардың бірі - «Вольфсбург» (Германия) болатын. Бірақ, неміс ұжымы Неапольдың «Наполи» клубынан 1:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін жарысты жалғастыру мүмкіндігі кеміді. Бүгін Италия жерінде «Вольфсбургтың» 4 гол соғуы оңай емес. Оның үстіне Кевин де Брюйне мен Андре Шюррле жарақаттарына байланысты ойынға қатыспайды.

Украиналық ұжымдар қатарынан «Днепрдің» келесі кезеңге өту мүмкіндігі жоғары. Яғни, өз алаңында «Брюггеден» басым түседі деп күтілуде. Бірінші ойында 0:0 есебі тіркелген болатын.

Киевтік «Динамо» Флоренцияда «Фиорентинамен» кездеседі. Бірінші ойында 1:1 есебімен ойнаған клубтардың жартылай финал жолдамасына таласы қызықты болмақ.

Кеше қабылданған УЕФА шешімі бойынша ресейлік («Зенит») және украиналық клубтар («Динамо Киев», «Днепр») жартылай финалға шығатын болса, бір-бірімен қарсылас атанбайды. Яғни, жеребесіз-ақ қарсыластар анықталатын болады.

Бүгін түнде өтетін ойындар Астана уақытымен сағат 01:05-те басталады. 

Сурет: sports.ru

Ө. Сансызбай