«Қайрат» «Астананы» алты ойын қатарынан жеңе алмай келеді

«Қайрат» «Астананы» алты ойын қатарынан жеңе алмай келеді

Футболдан ел премьер-лигасының VIII тур ойындарының бес кездесуі аяқталып үлгерді. Ал «Шахтер» мен «Ертіс» арасындағы ойын бүгін өтеді.

Премьер-лиганың жанкүйерлер асыға ойындарының бірі - «Астана-Арена» стадионында өтті. Тартысқа толы болған «Астана» мен «Қайрат» (Алматы) кездесуінде алаң иелері 4:3 есебімен жеңіске жетті. Қорытындысында бұл кездесу жаңа маусымдағы ең нәтижелі ойын ретінде тіркелді.

Бірінші болып алаң иелері сапынан Георгий Жуков есеп ашты. Араға көп уақыт салмай Жерар Гоу таразы басын теңестірді. 38 минутта Бауыржан Исламхан «Қайратты» алға шығарғанмен, араға 3 минут сала Неманья Максимович есепті теңестірді. Екінші таймда Жерар Гоу премьер-лигадағы 9-шы голын соғып көзге түсті. Одан кейінгі уақытта алаң иелері есепті теңестіруге асықты. «Қайрат» қорғаушыларының жиі қателігі алаң иелеріне бір гол ғана емес, екі гол соғуға мүмкіндік сыйлады. Алдымен Бауыржан Жолшиев есепті 3:3-ке жеткізсе, 81 минутта Танат Нөсербаев алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды соқты.

«Қайрат» «Астананы» алты ойын бойы жеңе алмай келеді. Екі ұжым арасындағы келесі кездесу 28 маусым күні Алматыда өтеді.

Премьер-лигада жеңілмей келе жатқан «Ақтөбе» мен «Ордабасы» бұл турда да өз рекордтарына «шаң жұқтырмады». Шымкенттік клуб өз алаңында Қызылорданың «Қайсар» клубымен 0:0 есебімен тең ойнады. Ал «Ақтөбе» болса өз алаңында «Жетісуді» Сергей Хижниченко мен Дидар Жалмұқанның соққан голдарының арқасында жеңді. Талдықорғандық «Жетісу» жаңа маусымда жеңіске жетпеген жалғыз клуб.

«Атырау» өз алаңында «Оқжетпестен» басым түсті. Ойында батысқазақстандық клуб 2:1 есебімен басымдыққа ие болды. Ал «Тараз» болса қатарынан үшінші ойында жеңіске жетіп отыр. Евгений Яровенко жаттықтыратын оңтүстіктік клуб өз алаңында «Тобылды» тізе бүктірді. Ойындағы жалғыз голды Альмир Мухитдинов соқты.  

   Клубтар  Ойын Жеңіс  Тең есеп Жеңіліс  Доп айырмасы   Ұпай
1  "Астана" 8 4 3 1 13-8 15
2  "Қайрат" 8 4 2 2 16-7 14
3  "Ақтөбе" 8 3 5 0 6-1 14
4  "Ордабасы" 8 3 5 0 8-4 14
5  "Тараз" 8 4 1 3 8-5 13
6  "Атырау" 8 3 3 2 9-9 12
7  "Оқжетпес" 8 4 0 4 8-11 12
8  "Қайсар" 8 1 5 2 3-5 8
9  "Тобыл" 8 2 2 4 7-12 8
10  "Ертіс"
7 1 4 2 7-9 7
11  "Шахтер" 7 1 1 5 5-11 4
12  "Жетісу" 8 0 3 5 4-12 3

Сурет: sports.kz, vk.com

Ө. Сансызбай