Василий Левит Олимпиада жолдамасын ұтып алды

91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Василий Левит 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алды. Бұл туралы "Астана Арланс" командасының Вконтакте әлеуметтік желісіндегі ресми тобы хабарлады.

"Аргентина кондорспен" болған кездесуде Василий өз жекпе-жегін техникалық нокаутпен аяқтады. Соның нәтижесінде ол WSB-дің жеке рейтингтік көрсеткіші бойынша тұрақты маусымда бірінші орын алды. Сөйтіп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына берілер жолдаманы иемденді", – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, Василий – Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама алған екінші қазақстандық боксшы. Бұған дейін АИБА-ның тағы бір жобасы APB (AIBA Pro Boxing) сайысында 60 кг. салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Берік Әбдірахманов жеңімпаз атанған еді. Соның нәтижесінде ол боксшыларымыздың арасынан алғаш болып Олимпиада жолдамасын иемденді.

Сурет: kfb.kz