Еуропа лигасында қай клубтар фаворит?

Еуропа лигасында қай клубтар фаворит?

Футболдан Еуропа лигасының ширек финалындағы бірінші ойындар мәресіне жетті. Қазіргі таңда нақты бір клубты фаворит ретінде атап айтпасақ та, финалда өнер көрсетуге қауқары жететін футбол ұжымдары анықталып үлгерді.

Еуропа лигасындағы фаворит клубтардың бірі - «Вольфсбург» (Германия) болатын. Бірақ, түнде өткен ойында неміс ұжымы Неапольдың «Наполи» клубынан 1:4 есебімен ойсырай ұтылды. Нәтижесінде жартылай финалға шығу мүмкіндігінен айырылып отыр. Италия жерінде «Вольфсбургтың» 4 гол соғуы оңай емес.

«Наполи» бұл маусымды ала-құла өткізгенмен, жеңіске деген жігері жоғары ұжымдардың қатарынан. Оған қоса маусым соңынан клубтың бас бапкері Рафаэль Бенитес, команда көшбасшылары Гонсало Игуаин, Хосе Кальехон т.б. өзге клубтарға ауысуы мүмкін. Сондықтан да соңғы ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат тұтып отыр.

Өткен маусымда бұл додада Испанияның «Севильясы» топ жарған болатын. Бұл ұжым биыл да өз атағын қорғап келеді. Және Еуропа лигасын ең көп иеленген ұжымдардың қатарынан. Түнде ресейлік «Зенитті» 2:1 есебімен жеңді. Десе де «Наполи» секілді жартылай финалға өту мүмкіндігі аса жоғары емес. Футбол сарапшылары Унай Эмери командасын келесі кезеңге сүрінбей өтеді деп топшылауда.

Киевтік «Динамоның» да жартылай финалға шығу мүмкіндігі болған. Бірақ түнде қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды. Нәтижесінде жартылай финал жолдамасының жеңімпазы Флоренцияда анықталатын болды. Бір айта кететіні, «Фиорентина» өз алаңында кез келген клубқа осал қарсылас саналмайды.

Украиналық екінші бір клуб «Днепрдің» жартылай финалға шығу мүмкіндігі жоғары. Бір аптадан кейін «Брюггемен» өтетін өз алаңындағы ойында фаворит саналуда.

Ширек финалдың қарымта кездесулері 23 сәуір күні өтеді. Кейіннен жеребе бойынша жартылай финалдағы қарсыластар анықталатын болады. 

Сурет: sports.ru

Ө. Сансызбай