«Арландардың» Аргентинада шаршы алаңға шығатын құрамы анықталды

«Арландардың» Аргентинада шаршы алаңға шығатын құрамы анықталды

Бүкіләлемдік бокс сериясында ел намысын қорғап келе жатқан «Astana Arlans» кезекті кездесуін 19 сәуір күні «Аrgentina Сondors» бокс клубына қарсы өткізеді. Бүгін қос тарап шаршы алаңға шығатын құрамын жариялады.

Қос клуб арасында өткен алғашқы айналымдағы жекпе-жекте отандастарымыз қарсыластарын 5:0 есебімен ұтқан болатын. XII турдан кейін «Астана арландары» 36 ұпаймен «В» тобында жекедара көш бастап келеді. Ал, «Аrgentina Сondors» бокс клубы 4 ұпаймен көш соңында келеді.

Марат Жақиев 49 келіге дейінгі салмақта Жомарт Ержанды шығарғалы отыр. Оның қарсыласы – Леандро Зарате. 56 келіге дейінгі салмақта Қайрат Ералиев Джонатан Санчеспен жұдырықтасса, 64 келіге дейінгі салмақта команда капитаны Самат Бәшенов Лукас Хименеспен шаршы алаңға шығады. 75 келіге дейінгі салмақта Жәнібек Әлімханұлы Кристиан Заратеге қарсы өнер көрсетсе, 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит Диего Бланкемен жұдырық түйістіретін болады.

Осыған дейін өткен 12 кездесудің қорытындысы бойынша «Astana Arlans» «В» тобында бірінші орынды мерзімінен бұрын жеңіп алған болатын. Бірақ, қазақстандық клуб боксшыларына топтан ерте шыққан соң, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, биыл бүкіләлемдік бокс сериясында 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының 17 жолдамасы сарапқа салынады. Осыған дейінгі өткізген кездесулер қорытындысы бойынша қазақстандық клуб сапынан бірнеше боксшылардың жолдаманы иеленуге зор мүмкіндіктері бар. Әсіресе, 91 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шығатын отандасымыз Василий Левит бұл рейтингте көш бастап келеді.

«Astana Arlans» пен «Аrgentina Сondors» клубы арасындағы кездесу 19 сәуір күні Астана уақыты бойынша таңғы сағат 08:00-де басталады.  

Сурет: vk.com

О. Сансызбай