Роман Жайлауов кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне жетті

Роман Жайлауов кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне жетті

Әлемдік бокс аренасында еліміздің намысын қорғап жүрген Роман Жайлауов 14-ші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Отандасымыз Йоханнесбургте өткен кездесуде оңтүстік африкалық Уиллис Балойдан басым түсті.

Қазақстандық боксшы қарсыласын ұпай айырмашылығымен жеңіп шықты. Уиллис Балой да осал қарсылас емес екенін танытты. Осыған дейін өткізген жекпе-жектерінде үш рет жеңіп, үш мәрте жеңіліп, екі мәрте тең түскен. Ал Роман болса кәсіпқой бокстағы 14-ші жеңісін тойлады.

Айта кетейік, жақында ғана 20 жастағы қазақстандық боксшы промоутер ауыстырған болатын. Роман Жайлауов танымал африкалық «Golden Gloves Promotions» компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Отандасымыз ОАР елінде жүрген екі апта ішінде өзін тамаша қырымен көрсете білген. Қазақстандық боксшының өнеріне тәнті болған компания бапкерлері алдағы уақытта Романның болашағынан үлкен үміт күтуде. Келешекте кәсіпқой бокста «жұлдызға» айналады деп топшылауда.

Роман Жайлауов бокспен 10 жасынан бастап айналыса бастаған. Менеджері – әкесі Ерік Жайлауов. Әуесқой бокста 150-ге жуық кездесу өткізіп, талай жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген. 2012 жылдан бері кәсіпқой бокста еліміздің намысын қорғап келеді. 

Cурет: kaz.tengrinews.kz

Ө. Сансызбай