«Арландардың» Пуэрто-Рикада шаршы алаңға шығатын құрамы анықталды

«Арландардың» Пуэрто-Рикада шаршы алаңға шығатын құрамы анықталды

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) 12-ші кездесуін «Astana Arlans» Пуэрто-Рикада «Puerto Rico Hurricanes» клубына қарсы өткізеді. Бүгін қос клубтың шаршы алаңға шығатын құрамы белгілі болды.

Кездесу Пуэрто-Риканың Сан-Хуан қаласында өтеді. Осыған дейінгі барлық кездесулерінде жеңіске-жетіп келе жатқан қазақстандық клуб бұл жекпе-жектерде де фаворит саналып отыр. Екі клуб арасындағы бірінші кездесуде «Astana Arlans» 5:0 есебімен басым түскен болатын.

Сан-Хуандағы кездесуге Марат Жақиев 52 келіге дейінгі салмақта Олжас Сәттібаевты шығарғалы отыр. Оның қарсыласы – Цинтрон Хесус. 60 келіге дейінгі салмақта Закир Сафиуллин Росарио Хосе Хавьермен жұдырықтасса, 69 келіге дейінгі салмақта ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов Флаз Никлауспен шаршы алаңға шығады. 81 келіге дейінгі салмақта клубтың легионері Хрвое Сеп Лабой Джозефке қарсы өнер көрсетсе, 91 келіден жоғары салмақта клубтың екінші легионері Филипп Хргович Хосе Габриэль Мединамен жұдырық түйістіретін болады.

Осыған дейін өткен 11 кездесудің қорытындысы бойынша «Astana Arlans» «В» тобында бірінші орынды мерзімінен бұрын жеңіп алған болатын. Бірақ, қазақстандық клуб боксшыларына топтан ерте шыққан соң, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, биыл бүкіләлемдік бокс сериясында 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының 17 жолдамасы сарапқа салынады. Осыған дейінгі өткізген кездесулер қорытындысы бойынша қазақстандық клуб сапынан бірнеше боксшылардың жолдаманы иеленуге зор мүмкіндіктері бар.

«Puerto Rico Hurricanes» пен «Astana Arlans» арасындағы кездесу 12 сәуір күні таңертең Астана уақытымен сағат 05:00-де басталады. «Хабар» арнасы 23:50-де жазба нұсқасын көрсететін болады. 

Cурет: vk.com

Ө. Сансызбай