Ұлттық құрамаға кешігіп келген футболшы жазаланды

О Сансызбай Корреспондент
Ұлттық құрамаға кешігіп келген футболшы жазаланды

Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков премьер-лиганың алдағы үш ойынына қатыспайтын болды. Бұл шешім тәртіптік-бақылау комитетінің кезекті отырысынан кейін мәлім болды.

БӨЛІСУ

Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан Георгий Жуковты Исландия құрамасына қарсы ойынға шақырған болатын. Бірақ, «Астана» клубының ойыншысы ұлттық құрамаға кешігіп қосылды. Нәтижесінде «Астана-Аренада» өткен ойында алаңға шыққан жоқ. Тек кейіннен Ресейге қарсы жолдастық кездесуде 86 минут өнер көрсетті.

Ел футболының тәртіптік-бақылау комитеті Георгий Жуковтың ұлттық құрамаға кешігіп келуіне байланысты 3 ойынға қатыспауға шешім шығарды. Футболшы «Астана» сапында «Тараз», «Ордабасы» және «Қайратқа» қарсы ойында алаңға шықпайды. Ал елордалық клуб мүшелері Георгий Жуковқа қатысты шешімге шағым түсірмек.

Тәртіптік-бақылау комитеті тек Георгий Жуковты ғана жазалап қойған жоқ. Бірнеше даулы оқиғаларға байланысты да шешім қабылдады.

- Бірінші лигадағы «Лашын» клубының ойыншысы Қарлық Ардақ ойын аяқталған соң қарсыласының аяғынан тепкені үшін үш ойынға шеттетілді.

- «Екібастұз» бен «Бәйтерек» клубтарының арасындағы ойын алдында елордалық клуб мүшелерінің ресми ұйымдастырылған кездесуге келмегені үшін 75 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.

- «Тараз» - «Қайрат» ойынында жергілікті жанкүйерлердің ойын соңынан алматылық ұжым автобусы алдында тәртіпсіздік танытқаны (тас атқаны үшін) үшін Евгений Яровенко  баптайтын клубқа 50 000 теңге айыппұл салынды.

- «Тараз» дублінде ойнайтын Кеңесбек Әділет қарсыласын гол соғу мүмкіндігінен айырғаны үшін бір ойынға шеттетілді.

- «Қайрат» клубының дубліне 50 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Команда ойыншылары ойын ережесін жиі бұзған.

- «Спартак» клубы республикалық «Арман» турниріне жастар құрамасын қатыстырмағаны үшін 1 000 000 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.  

Сурет: kff.kz