Ұлттық құрама боксшылары АҚШ-қа аттанады

О Сансызбай Корреспондент
Ұлттық құрама боксшылары АҚШ-қа аттанады

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, дайындықтарын шыңдап қайтады. Ертең түнде жолға шығатын құрама толық құрамда сапарға аттанады.

БӨЛІСУ

Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын құраманың Лас-Вегаста дайындықтарын шыңдауының себебі жоқ та емес. Біріншіден, алда Рио Олимпиадасы келе жатқандықтан боксшылар құрлықтың ауа-райы мен тағамдарына бейімделе беруі керек. Екіншіден, «Аstana Arlans» клубын WSB жобасы аясындағы алдағы екі кездесуде жебеп-демеп, қолдау көрсетпек. Сонымен қатар, елордалық клуб сапында ұлттық құрама боксшылары да бар. Мысалы, «Puerto Rico Hurricanes» (Пуэрто-Рико) клубымен өтетін кездесуде (11 сәуір күні) Қазақстан клубының намысын ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов қорғайды. Ал 18 сәуірде «Argentina Condors» (Аргентина) клубымен өтетін кездесуде шаршы алаңға Қайрат Ералиев пен Жәнібек Әлімханұлы шығады.

Қазақстан құрамасының боксшылары ауа-райы бейімделіп, отандастарына қолдау көрсетіп қана қоймай, АҚШ елінің кәсіпқой боксшыларымен бірге жаттығады. Олардың жаттығуларының артықшылықтары мен әдістемелерін үйреніп, тәжірибе алмасады. Аттанғалы отырған құрама құрамында APB жобасында бақ сынап жүрген Біржан Жақыпов, Ілияс Сүлейменов және осы жобаның чемпионы Берік Әбдірахманов та бар. Ұлттық құрама боксшылары АҚШ-тан 23-24 сәуір күндері оралуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Аstana Arlans» клубы сапында өнер көрсететін Теміртас Жүсіпов, Мейірболат Тоитов, Самат Башенов, Мейірім Нұрсұлтанов және Василий Левит Лас-Вегастағы Рой Джонстың (кішісі) бокс академиясында жаттығуда. 2014 жылы ашылған спорт кешенінде қазақстандық боксшылардан өзге танымал ММА спортының шеберлері де дайындықтарын шыңдауда. 

Сурет: Данияр Майлыбаев