Премьер-лига. «Астана» ІІ турдан кейін көш бастады

Премьер-лига. «Астана» ІІ турдан кейін көш бастады

Бүгін футболдан ел премьер-лигасының ІІ тур ойындары өтуде. Әзірге екі ойын қорытындысы белгілі болды. Елордалық «Астана» Павлодарда «Ертісті» айқын басымдықпен жеңсе, Алматыда «Жетісу» мен «Тобыл» тең тарқасты.

Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» «Ертістен» 0:3 есебімен басым түсті. Бірінші болып 15 минутта Рохер Каньяс пенальтиден есеп ашса, екінші таймда Патрик Твумаси жаңа маусымдағы екінші голын еншісіне жазды. Ал үшінші голды клубқа жаңадан келген легионер Неманья Максимович соқты. Ал алаң иелері қонақтарға қарсы қауқар танытып, есепті қысқарта алмады.

Алматының орталық стадионында өткен «Жетісу» мен «Тобыл» арасындағы кездесуде есеп ашылмады. Нәтижесінде қостанайлық клуб маусымдағы алғаш ұпайын еншілесе, талдықорғандық ұжым екінші ұпайына қол жеткізді. Бір қызығы, «Жетісу» соңғы жылдары маусым басын тек тең есеппен бастап жүр.

Дәл қазіргі уақытта премьер-лиганың үш кездесуі өтуде. Теміртаудағы «Шахтер» мен «Ордабасы», Ақтөбедегі «Ақтөбе» және «Қайрат» ойындарында есеп ашылмаса, «Атырау» мен «Тараз» да 1:1 есебімен тең ойнауда. Ал «Оқжетпес» - «Қайсар» кездесуі Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «KazSport» арнасы көрсететін болады.

ІІ турдың орталық кездесуі саналған «Ақтөбе» мен «Қайрат» ойынында есеп ашылмады. Қос клуб барынша шабуылдағанымен, нәтиже шығара алмады. Нәтижесінде екі турды да өз алаңында өткізген Влаимир Газзаев шәкірттері 2 ұпай ғана еншіледі. ІІІ турда «Ақтөбе» «Таразға» қонаққа барса, «Қайрат» өз алаңында «Жетісуді» қабылдайды.

«Атырау» өз алаңында «Тараздан» тағы да мықты екенін дәлеледеді. Жеңіліп тұрып, жеңіске жете білді. Бірінші болып Йован Голич есеп ашты. Ол 2013 жылғы маусымда дәл осы «Атырауда» ойнаған болатын. 27 минутта алаң иелері есепті теңестіре білді. Бұл жолы клубтың үздік сұрмергендерінің бірі Милош Трифунович белсенді. «Атырауға» жеңіс сыйлаған голды Мақсат Байжанов 90 минутта соқты. Ол І турда «Ақтөбеге» қарсы ойында да гол соғып, көзге түскен еді.

Теміртауда «Шахтер» мен «Ордабасы» үш ұпайды сарапқа салды. Қос команданың ойынына ауа-райының қолайсыздығы кері әсерін көп тигізе қойған жоқ. Кездесу жоспарланған уақыттан 1 сағат кеш басталды. Виктор Кумыков өзі жаттықтырған клубтың осал тұсын бағамдай білді. Нәтижесінде шымкенттік «Ордабасы» үш ұпай еншіледі. Қонақтарға жеңіс сыйлаған голды 83 минутта Еркебұлан Тұңғышбаев соқты.

ІІ турдың соңғы ойынын «Оқжетпес» пен «Қайсар» қорытындылады. Астанада өткен ойында алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Көкшетаулық клубқа жеңіс сыйлаған голды 88 минутта Лука Раткович соқты.

О  Клуб Ойын Жеңіс Тең Жеңіліс Доптар Ұпай
1  АСТАНА 2 2 0 0 5-0 6
2  ҚАЙРАТ 2 1 1 0 4-0 4
3  АТЫРАУ 2 1 1 0 3-2 4
4  ОРДАБАСЫ 2 1 1 0 2-1 4
5  ОҚЖЕТПЕС 2 1 0 1 1-2 3
6  АҚТӨБЕ 2 0 2 0 1-1 2
7  ЖЕТІСУ 2 0 2 0 0-0 2
8  ТАРАЗ 2 0 1 1 1-2 1
9  ШАХТЕР 2 0 1 1 0-1 1
10  ҚАЙСАР 2 0 1 1 0-1 1
11  ЕРТІС 2 0 1 1 1-4 1
12  ТОБЫЛ 2 0 1 1 0-4 1

Жалғасы бар

Сурет:vk.com

Оқи отырыңыз

«Қайрат» пен «Астана» ел чемпионатын жеңіспен бастады (видео)

«Астана - Cуперкубок иегері! (видео)

Қазақстан құрамасының ФИФА рейтингіндегі нәтижесі өзгермеді

Футболдан ел премьер-лигасының 2015 жылғы күнтізбесі жарияланды

Ө. Сансызбай