«Арландардың» жетінші кездесуіне шығатын құрамы белгілі болды

«Арландардың» жетінші кездесуіне шығатын құрамы белгілі болды

«Astana Arlans» бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші турын Алматы қаласында Италияның «Italia Thunder» клубына қарсы өткізеді. Бүгін қос ұжымның жекпе-жекке шығатын боксшылары белгілі болды.

Қазақстандық клуб осыған дейінгі алты кездесуін де жеңіспен аяқтады. «В» тобында көш бастап келеді. Ал «А» тобында Кубаның «Cuba Domadores» кллубына тең қарсылас табылмай тұр.

Марат Жақиев жаттықтыратын қазақстандық клуб жетінші кездесуін екі күннен кейін «Italia Thunder» клубына қарсы өткізеді. Италиялық ұжым да осал қарсылас емес. Топта үшінші орында келеді.

Биыл бүкіләлемдік бокс сериясында 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының 17 жолдамасы сарапқа салынады. Осыған дейінгі өткізген кездесулер қорытындысы бойынша қазақстандық клуб сапынан үш боксшының жолдаманы иеленуге зор мүмкіндігі бар. Олар: Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі), Василий Левит (91 келі) және Филип Хргович (+91 келі). Алғашқы екеуі қазақстандық боксшы болса, соңғысы клубтың хорватиялық легионері.

Мейірім Нұрсұлтанов пен Василий Левитке Олимпиада жолдамасы аса маңызды. Сондықтан да боксшылар кездесулерде барын салып жұдырықтасып келеді. Бас бапкер «Italia Thunder» клубына қарсы да екеуін шығарғалы отыр. Алғашқысының қарсыласы Рафаэль Мунно болса, екіншісі Эндри Спахиумен жұдырықтасады.

49 келіге дейінгі салмақта «Astana Arlans» намысын Теміртас Жүсіпов қорғайды. Оның қарсыласы – Патрик Барнс. Ал 56 келіге дейінгі салмақта ұлттық құрама боксшысы Қайрат Ералиев Майкл Джон Конланмен жұдырықтасады. 64 келіге дейінгі салмақта Асхат Уәлиханов Винченцо Мангиакапреге қарсы өнер көрсететін болады.

28 ақпан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтетін кездесуді «Хабар» арнасы тікелей эфирде тарататын болады. Жекпе-жектер Астана уақытымен сағат 17:30-да басталады. 

Сурет: vk.com, alashainasy.kz

Оқи отырыңыз

Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?

«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады

«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді

«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді

«Арландар» «Нокаутшыларды» нокаутқа жіберді

Ө. Сансызбай