Қапшағайда аралас жекпе-жектен үшінші халықаралық турнир өтеді

Ертең Қапшағай қаласындағы «Royal Plaza Hotel&Casino» ойын-сауық орталығында аралас жекпе-жектен үшінші халықаралық турнир (RPAP vol.3) өтеді. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр. Сонымен қатар, аталған сайтта жекпе-жектер тікелей эфирде көрсетілетін болады.

«RPAP vol.3» деп аталатын халықаралық турнирге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Түркия елдерінен 20 кәсіби спорт шебері қатысады. Олар Р.О.Д.Ъ., ОПЛОТ, «Патриот», «Альянс», «RUSSIAN FULL CONTACT» (Ресей), Max Fighter (Өзбекстан), «Shidokan MMA» (Түркия) «ALASH PRIDE», «Pankration Fight Team», «EDIL» (Қазақстан) командаларының мүшелері.

Астана уақытымен сағат 23:00-де басталатын турнирдің басты жекпе-жегі қазақстандық Ермек Тлауов («ALASH PRIDE») пен түрік Фируз Маммадов («Shidokan MMA») арасында (суретте) өтеді. «Аль-Асад» деп аталатын лақап атпен өнер көрсететін отандасымыз бүгін салмақ өлшеу рәсімінен кейін vesti.kz сайтының тілшісіне берген сұқбатында жекпе-жекті мезгілінен бұрын аяқтауды көздейтінін жеткізді. Салмақ дәрежелері 66 келіні құрайды. «Бүркіт» деген лақап атпен жекпе-жекке шығатын спортшы Түркиядағы бірінші нөмірлі ММА шебері. 

«RPAP vol.3» турниріне халықаралық деңгейдегі төрешілер қазылық жасайтын болады. Олардың қатарында ресейлік Игорь Демодов пен Николай Шарипов бар.

Айта кетейік, 25 қаңтар күні аралас жекпе-жектен Қапшағайда өткен екінші халықаралық турнирдің («RPAP vol.2») басты жекпе-жегінде отандасымыз Шахмарал Жетпісов қырғыз спортшысы Тілек Жээнбековтан жеңіліп қалған еді. 

Сурет: vesti.kz

Оқи отырыңыз

Шахмарал Жетпісов басты жекпе-жекте жеңіліп қалды

Ерлан Тілеуімбетовтың жойқын соққысы (видео)