Чемпиондар лигасы. «Реал» «Баварияның» рекордын қайталады

Чемпиондар лигасы. «Реал» «Баварияның» рекордын қайталады
Фото: Eurosport.ru

Футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы екінші күнге жоспарланған ойындар аяқталды. Мадридтік «Реал» түзде «Шалькеден» басым түссе, Швейцарияда «Базель» «Портумен» тең тарқасты.

Роналду Мессиге жақындай түсті

Гельзенкирхенде «корольдік клуб» жергілікті «Шалькені» екі доп басымдығымен жеңді. Бірінші таймда Криштиану Роналду есеп ашса, екінші таймда дәл осы португалдық ойыншы екінші голдың соғылуына жағдай жасады. Марсело Роналдудың тамаша пасын сәтті пайдаланып, нәтижені еселеді. Өз кезегінде Роберто ди Маттео жаттықтыратын команда да аянып қалған жоқ. Өткен маусымдағыдай ойсырай жеңілуге мүмкіндік бермеді. Бір рет Икер Касильяс қорғаған қақпаны маңдайшасы құтқарып қалды. Бірақ, фаворит – фаворит екенін дәлелдеді.

Криштиану Роналду Чемпиондар лигасындағы 73-ші голын соқты. Нәтижесінде Лионель Мессиге жақындай түсті. Енді араларын екі гол ғана бөліп тұр.

Екі команда арасындағы қарымта кездесу 10 наурыз күні «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтеді. Сонымен қатар, мадридтік клуб Чемпиондар лигасындағы оныншы ойынында қатарынан жеңіске жетіп отыр. Бұған дейін бұл межені мюнхендік «Бавария» бағындырған еді.

Тең қарсыластар тең тарқасты

Швейцарияда «Базель» «Портумен» тең ойнады. Командалар бір-бір доптан алмасты. Алаң иелері сапынан Дерлис Гонсалес гол соқса, португалдық команда қатарынан Данило пенальтиді сәтті орындады. Кездесуде қонақтар алаң иелеріне айтарлықтай қысым түсіре білді. Жеңіске жетуіне де мүмкіндіктері көп болды. Тек «Базель» ойыншылары тең нәтижені сақтап қала білді.

Қос команда арасындағы қарымта ойын 10 наурыз күні өтеді. Ширек финал жолдамасы сол ойында шешілетін болады.

Оқи отырыңыз

Чемпиондар лигасы. Тең есептер тіркелді (видео)

Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді

Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды

Ө. Сансызбай