Қазақстандық теннисшілер өз тобында топ жарды (видео)

Қазақстандық теннисшілер өз тобында топ жарды (видео)

Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Федерация кубогы турнирінде қазақстандық теннисші қыздар өз тобында топ жарды. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жарыстың бірінші тобында бақ сынаған отандастарымыз үшінші ойынында Тайланд теннисшілерін жеңді.

Зарина Диас пен Ярослава Шведова өз қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан құрамасын топтан алып шықты. Әуелі Ярослава Шведова Пингтарн Плипуечті (493) үш сетте 6-7, 7-5, 6-2 есебімен ұтты. Одан кейін кортқа Зарина Диас шығып, қарсыласына бір геймде де мүмкіндік берген жоқ. Қазақстанның нөмірі бірінші теннисшісі Ниша Лертпитаксинчайды (437) бір сағатқа жеткізбей 6:0, 6:0 нәтижелерімен оңай жеңіп шықты.

Айта кетейік, әр топтан бірінші орын алған құрама финалға шығып, әлемдік лиганың плей-офф кезеңінің жолдамасына таласады. Екінші топта Жапония, Өзбекстан, Оңтүстік Корея және Гонконг теннисшілері бақ сынауда. Жеңімпаз ертең анықталады. Әзірге бұл топта Жапония, Өзбекстан және Оңтүстік Корея құрамалары топ көшін бастауға мүмкіндіктерін жоғалтқан жоқ.

Айта кетейік, федерация кубогы халықаралық турнирінің тарихы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастау алады. Ұлттық құрамалар арасындағы командалық жүйедегі кездесулер о бастан әйелдер арасында ғана ұйымдастырылып келеді. Ерлер арасындағы дәл осындай жүйедегі турнир «Дэвис кубогы» деп аталады.

Сурет: sports.kz 

Оқи отырыңыз

Зарина Диас үшжылдық үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралды

Зарина Диас: "Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысу – мен үшін үлкен мақтаныш болар еді"

Зарина «Australian Open» турнирін аяқтады

Мария Шарапова: Зарина Дияс кез келген қарсыласын сүріндіруге қауқарлы

Ө. Сансызбай