«Қайрат» соңғы минутта жеңісті уыстан шығарып алды (видео)

«Қайрат» соңғы минутта жеңісті уыстан шығарып алды (видео)

Футболдан ел премьер-лигасының басталуына да бір айдан астам уақыт қалды. Қазіргі таңда командалар жаңа маусымға дайындықтарын шыңдап жатыр. Сонымен қатар, өзге елдің ұжымдарымен де жолдастық кездесулер өткізуде. Бүгін алматылық «Қайрат» Біріккен Араб Әмірлігі жерінде Ресейдің «Краснодар» командасымен тең ойнады.

Владимир Вайсс шәкірттері соңғы минутқа дейін 2:1 есебімен жеңіп тұрған еді. Бірақ, соңғы сәтте қарсыластар сапынан Вандерсон дубль авторы атанып, таразы басын теңестіріп кетті. Ал оған дейін қазақстандық клубтың сапынан Жерар Гоу мен Виталий Ли белсенген еді. Тағы бір айта кететіні, «Қайрат» қақпаларына екінші голды өткізіп алған сәтте 10 ойыншымен өнер көрсетті. Себебі, 85-ші минутта Михаил Бақаев қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған болатын.

«Қайрат» пен «Краснодар» командалары өткен жылы да оқу-жаттығу кезінде жолдастық кездесу өткізген. Ол ойында краснодарлық клуб 3:0 есебімен басым түскен еді.

Жалпы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындары кезінде павлодарлық «Ертіс» пен шымкенттік «Ордабасы» ең көп ойындар өткізген. Нәтижелерін де төмен деп бағалауға келмейді.  

Сурет: fckairat.kz

Оқи отырыңыз

Футболдан ел премьер-лигасы қашан басталады?

Футболдан ел премьер-лигасының 2015 жылғы күнтізбесі жарияланды

УЕФА «Жетісуді» неге жазалады?

Ө. Сансызбай