Роналду 600-ші ойынында алаңнан қуылды (видео)

Роналду 600-ші ойынында алаңнан қуылды (видео)

2014 жылғы «Алтын доп» иегері, мадридтік «Реалдың» үздік сұрмергені Криштиану Роналду спорттық мансабындағы 600-ші ойынында алаңнан қуылды. Футболшы Испания чемпионатының 20-шы турындағы «корольдік клубтың» «Кордова» командасына қарсы кездесуінде ойын ережесін өрескел түрде бұзды.

Португалдық шабуылшы «Реал» сапында бесінші рет алаңнан қуылып отыр. Ол осыған дейін «Альмерия», «Малага», «Атлетико» және «Атлетик» командаларына қарсы өткізген кездесулерде қызыл қағазбен «марапатталған» болатын. Ал «Манчестер Юнайтед» командасында ойнап жүргенде 3 рет алаңды ойын уақытынан ерте тастап шығуына мәжбүр болған.

Мадридтік клубтың сырт алаңдағы «Кордоваға» қарсы ойынында Криштиану Роналду 83-ші минутта алаңнан қуылды. Ол алдымен қорғаушы Эдимардың аяғынан шалып жықса, кейіннен Хосе Креспоны бетінен қағып, кері шегіндірген. Футболшының спортқа тән емес қылығы үшін бас қазы Алехандро Эрнандес бірден қызыл қағаз көрсетті.

Криштиану Роналдудың алдағы қанша ойынға қатыспайтыны алдағы уақытта белгілі болады. Испандық «AS» басылымы футболшыны үш ойынға қатыспайды деп болжаса, «sport.es» басылымы 12 ойынға дейін жазалануы мүмкін деп хабарлауда. Ал футболшының өзі болса қателігі үшін ойыншылар мен жанкүйерлерден кешірім сұрады.

Айта кетейік, Карло Анчелотти жаттықтыратын команда ойында «Кордованы» 1:2 есебімен жеңіп кетті. «Реалға» жеңіс сыйлаған голды пенальтиден Гарет Бэйл соқты. 

Сурет: espnfc.com

Ө. Сансызбай